“Нұр-Мұқасан” тобының жаңа мүшесі Ғалымжан Сүлеймен өзін соққыға жыққан әріптесі Мұқасан Шахзадаевты кешірмейтінін ашық айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Оқиғадан кейін Ғалымжанның мұрны сынғаны анықталып, оған алғашқы ота жасалды. Дәрігерлер ісік басылған соң мұрын сүйегіне тағы бір операция қажет екенін хабарлаған. Әншінің жағдайын білу үшін адвокат Инга Иманбай мен блогер Жан Ахмадиев ауруханаға барып шықты.
Ғалымжанның айтуынша, оқиғадан кейін Мұқасан Шахзадаев бір рет те хабарласпаған, кешірім сұрауға да талпыныс білдірмеген.
«Өкінішке қарай, Мұқасан өзі хабарласып, кешірім сұраған жоқ. Тек оның атынан адамдар келіп жүр, бірақ өзінен бір ауыз сөз естіген жоқпын. Мұны тәкаппарлықтың шегі деп ойлаймын. Қазір келіп кешірім сұраса да, ештеңе өзгермейді, кешірмеймін. Алғашқы үш күн күттім, кейін де үміттендім. Енді бәрі кеш», – деді ол.