KZNews.kz
Экономика

Мұнайлы аймақтағы парадокс: Жердегі мұнай тоқтады, бірақ баға аспанға ұшпай ма?

Айжан Сыланова
Фото: ЖИ

“Біздің елде мұнай бар”, “өзімізден шығады” деп шартарапқа мақтанатын халықтың бірі едік, бірақ оның да жұмысы тоқтап қалғалы ел арасында үлкен парадокс туындады. Әрине, қисынға келетін әңгіме. БАҚ Атырау облысындағы Теңіз және Королевское кен орындарында мұнай өндірудің уақытша тоқтап тұрғанын жарыса жазып жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.

Бұл қуанатын дүние ме, әлде қорқынышты ма, білмедік. Осы жағдайдың кесірінен экономика тұралап қалады ма деп алаңдап, әсерінен жанармай жанармай мен мұнай өнімдерінің бағасы қымбаттай ма деп қауіптеніп қалдық. Бірақ өте-өте қате тұжырымға таңылыппыз. Біздің елдің мұнайы ішкі нарыққа емес, экспортқа жұмыс істейді. Соның ішінде, Теңіз бен Королевское кен орындарын астын сызып, ерекше атап айтар едік. Себебі оны өзімізге емес, өзгелерге тасып жатырмыз. Дәлірек, көп бөлігі экспортқа бағытталып, сырт елдерге шығарылады. 

Сондықтан бұл кен орындарындағы жұмыстың тоқтауы қарапайым тұтынушыға түк те тікелей әсерін бермейді. Ал біздің ішкі нарық ескі кен орындарына, тұрақты жұмыс істейтін зауыттарға тәуелді. Сондықтан мұнай жоқ деп бензин қымбаттамайды.

Экономист Алмас Чукин бұл жағдайды қазақстандық нарықтың ерекшелігімен байланыстырады.

«Бізде жанармай бағасы мұнай өндірісіне тікелей тәуелді емес. Теңіз – экспортқа бағытталған кен орны. Ол тоқтағанымен, ішкі нарық бірден тапшылық көрмейді. Бірақ нарықта кез келген белгісіздік бағаны өсіруге сылтау болады», – дейді сарапшы.

Жыр болған, не әрі не бері тұрақтамайтын жанармай бағасы өңдеу, тасымалдау, сақтау сияқты процестерге, салық пен акцизге, одан қалса делдалдық шығындардан қалыптасады. Түсінікті тілмен айтсақ, баға мұнайға емес, логистикаға байланысты. Мұнай тоқтады деп "баға да не төмендейді, не қымбаттайды" деп қорытынды жасау - үлкен қате.

Қазақстанда жанармай бағасы толық еркін нарықпен емес, мемлекеттік реттеу, шекті бағалар, кейіннен оларды алып тастау немесе өзгерту сияқты жағдайлармен реттеліп отырады.Ал мұнай өндіру тапшылығы туындаған компаниялар алдымен өндірістен қауіп болса, пайдалы бағытты сақтап қалуға ниет етеді.

Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов бұл мәселенің түп-тамыры экспортқа тәуелділікте екенін айтады.

«Қазақстан үшін мұнай – алдымен экспорттық табыс көзі. Компаниялар өндіріс қысқарса, ең алдымен сыртқы міндеттемелерді сақтауға тырысады. Ал ішкі нарықтағы баға сол қысымның салдарын сезеді», – дейді ол.

Теңіз бен Королевское жағдайынан-ақ шикізатқа тәуелділікті, қорғалмаған ішкі нарықты, жүйесіз баға саясатын тасқа таңба басқандай анық көруге болды. Біз мұнайлы, бірақ соны шетелге жіберу әлдеқайда тиімді және ыңғайлы көретін елміз. Сондықтан байлық шектеулі, ал халық өкпелі. Бірақ бәрібір де мұнай емес, дұрыс басқару болған жерде ғана баға тұрақтанатынын түсінетін уақыт келді.

Өзін Таяу Шығыс, Азия, Африка аймағының сауда хабына айналдырған Дубаймен біздің елді салыстырып, “олар мұнаймен байыды” деп бөсіп жатамыз. Бірақ олар мұнайдан емес, модельден байыды. Бүгінде мегаполиске айналған Дубай экономикасындағы қара алтынның үлесі небәрі 5%-дан да төмен, бүгін-ертең оның да сарқылатыны хақ қой. Сондықтан билік мұнайға сеніп отыру қауіпті екенін ерте түсінді. Мұнайдан түскен алғашқы табыс инфрақұрылымға жұмсалды, экономикаға байланбады. Сауда мен логистика, туризм, қаржы қазіргі алып шаһардың негізгі табыскөзіне әлдеқашан айналған. Мысалы, әлемдегі ең ірі порт - Jebel Ali де, ең ірі жүктемелі әуежайда - Dubai International Airport та сол жерде шоғырланған. Қысқасы, оларға “мұнай - балық емес, қармақ”. Одан түскен қаржы келді-кеттінің қалтасына емес, келешекте табысқа кенелтетін жобаларға жұмсалады.

Үйренетін нәрсе көп, бірақ әркім өз қара басын қайттаған заманда ол мүмкін емес екені өкінішті.

Теңіз бен Королевское кен орындарындағы өндірістің уақытша тоқтауы Атырау үшін күтпеген жағдай емес, керісінше бұрыннан бар мәселені ашып көрсетті. Мұнайға бай өңір болғанымен, аймақ экономикасы әлі де шикізатқа тәуелді күйде қалып отыр. Өндіріс азайса — табыс қысқарады, баға өседі, ал халық үшін нақты қорғаныш тетіктері байқалмайды.

Дубай тәжірибесі мұнайдың өзі байлық әкелмейтінін дәлелдеп берді. Инфрақұрылымға, бизнеске, логистика мен туризмге салынған инвестиция ұзақ мерзімді нәтижеге әкеледі. Ал шикізатқа ғана сүйенген экономика кез келген тоқырауға бейім.

Атыраудағы жағдай бір шындықты айқын көрсетіп отыр: мәселе мұнайдың көлемінде емес, оны басқару моделінде. Егер өңір экономикасы әртараптандырылмаса, мұнай тоқтаған сайын қымбатшылық пен әлеуметтік алаңдаушылық қайталана береді.

Мұнайлы болу — артықшылық. Бірақ сол артықшылықты халықтың әл-ауқатына айналдыру — дұрыс стратегия мен жауапты саясатты талап етеді.

Айжан Сыланова
Автордың басқа материалдары