KZNews.kz
Қоғам

Мүгедектік пен әділет: “Қазақмысқа” қарсы шыққан жалғыз жұмысшы

Асқар Алтайұлы
Фото:ЖИ

Заманың тазы болған уақытта, бұға берген қарапайым адамдарды сұға беретін шенділердің қарасы көбейді. Кінәні де, басқаны да өзіңе жаба салып, сүттен ақ, судан таза бола қалып, бар былықтан басын ала қашатындар да жоқ емес, - деп жазады kznews.kz.

Бар тапқанын баласына таситын еңбек иелері үшін денсаулықтан артық әрі қымбат дүние болмаған. Көзді жұма сала кез келген іске білек сыбана кірісіп, соңында аузы күйіп қалып жатқаны қынжылтады. Бірақ қара жұмысты да қиын көрмейтін қарапайым халықтың дәрменсіздігіне қарсы ешкім билігін де, байлығын да асыра пайдаланбауы керек.

Алдымен сандар сөйлесін. Статистикаға сүйенсек, тау-кен, металлургия, құрылыс сияқты қауіпті өнеркәсіптерде 2025 жылы республика бойынша 934 адам жарақат алып, оның ішінде 133 адам қапыда қаза тапқан. Соғыста емес, бейбіт күнде осындай оқиғадан жүріп көз жұмғандардың қаны қай бастықтың мойнында? Әрине, жауап жоқ…

Қысқасы, әңгіме “Қазақмыстың” төңірегінде өрбімек. БАҚ көздері хабарлағандай, 2025 жылы 9 жұмысшы «Қазақмыс» объектілерінде ажал құшып, соның ішінде бір жұмысшы шахтада құлап мерт болғаны ресми хабарланды. “Даудың басы дайрабайдың көк сиыры” демекші, әңгіме сол қауіпсіздікке тірелсе де, қынадай қырылып жатқан жұмысшылардың жағдайын ешкім ойлап жатқан жоқ. Айтылып, айтылып, бояуы сіңген соң, кім не істесін, жабулы қазанды жабулы күйде қалдырып жатырмыз. Бірақ осылардың арасында еті тірі азаматтар ғана соттасып, әділдіктің ізіне түсіп, өздеріне тиесіліге қол жеткізіп жатқаны қуантады. 

Денсаулық пен өмірдің өлшеусіз екенін білетін, “Қазақмыс” корпорациясының кәсіпорынында жазатайым оқиғаның құрбаны болған тағы бір жұмысшы үш жылға созылған сот процесінен кейін өз құқығын қорғап шықты. Қаншама еңбек, қаншама уайым, қаншама ақша, қаншама уақыт. Осы уақыт аралығында осының барлығын жоғалтса да, ол жарты жолда жауапкершіліктен бас тартқандардың аяғын аспаннан келтірді. 

Жағдай былай болған. 2023 жылы жәбірленуші ағаш өңдейтін ескі станокта жұмыс істеп жүрген кезінде апатқа ұшыраған. Жетпіс жылдан аса жаңартылмай, жарамсыз күйдегі техниканың кесірі сол азаматтың бірнеше саусағын кесіп жіберген. Ампутация жасап, үшінші топтағы мүгедек атанып, еңбекке жарамсыз халде қалған. Ең сорақысы, оқиғаны бақылауға алған, тексеріс жүргізген комиссия бұл жағдайды өзінің салғырттығынан болды деп, кінәні мойнына арта салыпты. Қарапайым жұмысшының әлі кімге келеді деп ойласа керек, істі де осылай жаба салуға қамданғанда, жәбірленуші кассациялық соттан бір-ақ шықты. Істі қайта қарап, тереңінен зерттеген сайын тынысың тарылып, жүрегің айнитындай мән-жайлар анықталған. “Абайсызда қолын кескен дейтін” дерек толықтай жоққа шығарылып, аты өшкір сол техниканың шынымен ескі-құсқы екеніне көз жеткізген. Осылай қауіпсіздік дегенді есепке алмағандар бұл қайғылы жағдайға 100% кінәлі деп танылды. Сөйтіп өтемақымен құтылған “Қазақмыс” компаниясы бір адамды денсаулығынан айырды.

Әйтеуір, қауіпсіздік туралы сауал жолдағандарға компаниялар “өлім-жітім мен жазатайым оқиғалар азайды” деп ақталады. Ондай мүлде болмау керек! Тағы “түзеп жатырмыз, реттеп жатырмыз” деп құтылады. Бірақ нәтиже қайда? Біреуге мал, біреуге жан қайғы. Біздің кейбір басшылар өздеріне сенім артқандардың өмірін қатерге тікпеуді қашан үйренер екен?

Асқар Алтайұлы
Автордың басқа материалдары