Жұлдыз Сүлейменова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында білім беру саласына қатысты бірқатар маңызды тапсырма бергенін атап өтті.
Оның сөзінше, алдағы уақытта мұғалімдердің артық жұмыс жүктемесін азайту, педагогтердің құқықтарын қорғау және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау мәселелеріне басымдық беріледі.
Министр педагогтердің уақытын алатын артық есептілік пен қосымша міндеттерді қысқарту қажеттігін айтты. Оның пікірінше, білім беру жүйесіне енгізілген цифрлық технологиялар мұғалімдердің жұмысын жеңілдетуі керек.
"Біріншіден, мұғалімдердің артық жүктемесін азайтуымыз керек. Цифрлық жүйелер мен есептілік педагогтің уақытын алатын қосымша міндетке емес, жұмысын жеңілдететін құралға айналуы тиіс. Ұстаздың басты міндеті – балаға сапалы білім беру және саналы ұрпақ тәрбиелеу", – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Оқу-ағарту министрі мектептерде туындайтын даулы жағдайларды қарау кезінде мұғалімдердің де құқықтары мен заңды мүдделері ескерілуі қажет екенін жеткізді. Оның айтуынша, мұндай мәселелерді шешуде оқушының, ата-ананың, педагогтің және мектеп әкімшілігінің жауапкершілігі жан-жақты қарастырылуы тиіс.
"Екіншіден, педагогтердің ар-намысы мен құқықтарын қорғау қажет. Мектептегі кез келген даулы жағдай заң талаптарына сәйкес, әділ әрі жан-жақты қаралуы тиіс. Бұл ретте оқушының, ата-ананың, мұғалімнің және мектеп әкімшілігінің жауапкершілігі ескеріліп, педагогтерге негізсіз қысым көрсетуге жол берілмеуі керек", – деп жазды министр.
Жұлдыз Сүлейменова білім беру саласындағы өзгерістер ең алдымен ұстаздардың еңбек жағдайын жақсартуға бағытталуы қажет екенін атап өтті.
Министр инклюзивті білім беру мәселесіне де тоқталды. Оның сөзінше, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау жұмыстары күшейтіледі. Бұл бағытта әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету, білікті мамандар даярлау және балалардың қажеттіліктерін ерте анықтау маңызды. Сонымен қатар ерекше қолдауды қажет ететін оқушыларға уақытылы педагогикалық көмек көрсетуге басымдық берілмек.
Жұлдыз Сүлейменова Президент тапсырмаларын орындаудағы басты мақсат білім беру жүйесіне нақты оң өзгерістер енгізу екенін айтты.
"Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындаудағы басты өлшем – мұғалім мен балаға нақты пайда әкелу. Әрбір өзгеріс ұстаздың жұмысын жеңілдетіп, баланың білім алу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталуы тиіс", – деп түйіндеді министр.