Шетелдік ақпарат құралдары Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы көлік-логистикалық маңызын жиі атап өтуде. Мысалы, кеше MSN платформасында Қазақстанның Орта дәлізді дамытуға бағытталған көлік инфрақұрылымына инвестициясы туралы материал жарияланды.
Онда соңғы жеті жылда Қазақстан теміржол, автомобиль жолдары, порттар, әуежайлар және цифрлық көлік жүйелерін дамытуға шамамен 35 млрд доллар инвестиция салғаны айтылған.
Бұл жердегі негізгі бағыттардың бірі Қытайды Қазақстан, Каспий теңізі, Кавказ және Түркия арқылы Еуропамен байланыстыратын Орта дәліз болмақ. Соңғы жеті жылда бұл бағыттағы жүк тасымалы бес есеге өсіп, 2025 жылы 4,5 млн тоннадан асты. Контейнермен тасымалданған жүк көлемі шамамен 77 мың контейнерге жетті. 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 300 мың контейнерге дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Қазақстандағы теміржол инфрақұрылымы да кеңейіп келеді. Достық - Мойынты теміржолының екінші жолы салынғаннан кейін оның өткізу мүмкіндігі тәулігіне 12 жұп пойыздан 60 жұп пойызға дейін артты. Жүк пойыздарының тәулігіне жүріп өтетін қашықтығы 800 шақырымнан 1500 шақырымға дейін өсті. Ал Аягөз - Бақты теміржолы іске қосылса, Қытаймен арадағы үшінші теміржол өткелі пайда болады.
Автомобиль тасымалы бойынша Бейнеу–Сексеуіл жолының құрылысы маңызды жобалардың бірі ретінде көрсетілген. Оның нәтижесінде Қытай мен Еуропа арасындағы жүк жолын шамамен 1000 шақырымға қысқарту, жеткізу уақытын үш күнге дейін азайту көзделген.
Қазақстан көлік саласын цифрландыруға да басымдық беріп отыр. Кедендік рәсімдерді біріктіру және "бір терезе" қағидаты контейнерлерді Достықтан Грузия порттарына дейін шамамен 11–13 күнде жеткізуге мүмкіндік беріп отыр.
Әуе тасымал көлігі де дамып келеді. 2025 жылы Қазақстан әуежайлары шамамен 32 млн жолаушыға қызмет көрсетіп, 173,3 мың тонна жүк өңдеген. 2026 жылы халықаралық әуе қатынасы 30 елдегі 135 бағытқа дейін кеңейтілуі жоспарланған.
Каспий теңізіндегі Ақтау және Құрық порттарының жалпы жүк өткізу мүмкіндігі жылына 21,6 млн тоннадан асады. Ал контейнер қабылдау мүмкіндігін үш есеге арттыру жоспарланып отыр.
Қорыта айтқанда, MSN платформасындағы материалда Қазақстанның Еуропа мен Қытай арасындағы құрлық арқылы өтетін жүк тасымалында маңызды орын алатыны атап өтіледі. Осы жобалардың барлығы Қытай, Орталық Азия, Каспий теңізі, Кавказ, Түркия және Еуропаны байланыстыратын көлік жүйесін дамытуға бағытталған.
Айтпақшы, MSN (Microsoft Start) – Microsoft компаниясының халықаралық цифрлық ақпарат платформасы. Ол әлемнің әртүрлі елдеріндегі өзекті жаңалықтар мен сараптамалық материалдарды кең аудиторияға ұсынады.
Жоғарыда айтылғандай, платформада «Kazakhstan accelerates Middle Corridor with $35 billion transport investment» атты мақала жарияланып, Қазақстанның Қытай мен Еуропаны байланыстыратын Орта дәлізді дамытудағы рөліне назар аударылды. Материалда соңғы жеті жылда елдің көлік инфрақұрылымына шамамен 35 млрд доллар инвестиция салғаны, теміржол және автомобиль жолдары, Каспий порттары мен цифрлық логистика жүйесінің дамып келе жатқаны атап өтіледі. Автор Қазақстанның географиялық орналасуын Еуразиядағы маңызды көлік-логистикалық артықшылыққа айналдыру үдерісін көрсетеді.
MSN-дегі түпнұсқа материал: https://reference-url-citation.invalid/0