Туризм және спорт вице-министрі Серік Жараспаев шахматшы Бибісара Асаубаеваның қаржыландыру мен мемлекеттік органдармен жұмысқа қатысты шағымдарына түсініктеме берді, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның айтуынша, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау жыл сайын өсіп отырған.
«Тек Sport Qory қоры арқылы алсақ, 2024 жылы халықаралық жарыстарға дайындыққа 64 млн теңге бөлінді. 2025 жылы бұл сома 79 млн теңгеге жетті, ал 2026 жылы 100 млн теңге болды. Яғни, өсім динамикасы бар», – деді Жараспаев.
Министрлік сондай-ақ Қазақстан шахмат федерациясы тарапынан да қосымша қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Жалақы мәселесі
Асаубаеваның негізгі шағымдарының бірі — мемлекеттік төлемдердің қысқаруы. Вице-министрдің айтуынша, бұл өзгеріс заңнамадағы жаңашылдықтармен байланысты.
«2023–2024 жылдары ол Спортты дамыту дирекциясы арқылы айына шамамен 1 млн теңге жалақы алып отырды. 2025 жылы жаңа заң қабылданып, басым спорт түрлері бекітілді. Шахмат бұл тізімге кірмеді, себебі ол олимпиадалық кешенге жатпайды», – деді ол.
Осыған байланысты келісімшарт шарттары қайта қаралған.
Sport Qory неге бас тартты?
Журналистер Sport Qory қорының шешімін де сұрады.
Асаубаева өтініші бастапқыда қолдау тапқанымен, кейін қаржыландырудан бас тартылғанын айтқан болатын. Вице-министр министрлік бұл өтініш бойынша спортшының командасымен бірге жұмыс істегенін растады.
Алайда қордың нақты не себепті бас тартқаны жөнінде түсініктеме берілмеді.
Орден неге әлі берілмеді?
Сондай-ақ журналистер 2025 жылғы желтоқсанда Президент жарлығымен берілген «Барыс» II дәрежелі орденінің неге әлі табысталмағанын сұрады.
Вице-министрдің айтуынша, мәселе марапаттан бас тартуда емес, спортшының тығыз жарыс кестесіне байланысты.
«Бірнеше рет табыстау күнін белгілеуге тырыстық. Тіпті 8 наурызға жоспарладық. Бірақ Бибісара халықаралық жарыстар мен дайындыққа байланысты келе алмады», – деді ол.
Министрлік орден табыстау шешімі күшінде екенін және оны спортшының кестесіне қарай кейін беру жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
Бұған дейін Бибісара Асаубаева Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, халықаралық жарыстарға дайындық жеке қаражат пен отбасы есебінен жүретінін, министрлікпен жұмыс қиын екенін және «Барыс» орденін әлі алмағанын айтқан еді.