Қазақстандық әнші әрі актриса Айгүл Иманбаева әлеуметтік желіде жеке өміріне қатысты әсерлі естелігімен бөлісіп, ата-анамен арадағы қарым-қатынастың қадірін бағалауға шақырды, деп хабарлайды kznews.kz.
Өнер иесі балалық шағында ата-анасының ажырасып кеткенін айтып, ұзақ жылдардан кейін ғана әкесімен қайта қауышқанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл кездесу өміріндегі ең маңызды сәттердің бірі болған.
«Менің өмірім сіздердің көз алдарыңызда өтіп жатыр. Төрт-бес жасымда ата-анам екі жаққа кетті. Мұны біреу артық драма дер. Бірақ арада 40 жыл өткен соң әкеммен қайта табыстым. Сол кезде ғана өзімді толыққанды сезіндім, екі қанатым қайта біткендей болды», – деп жазды Айгүл Иманбаева.
Әнші бұл жазбасы арқылы ата-анасымен арада реніш немесе түсініспеушілік бар жандарға ой салғысы келетінін атап өтті. Ол жақын адамдармен араздықты созбай, уақытында кешірім сұрап, татуласудың маңызын ерекше атап өтті.
«Егер сіздің де жүрегіңізде ата-анаңызға деген өкпе болса, менің өмір жолым сізге сабақ болсын. Кеш болмай тұрғанда, олардың көзі тірісінде реніштен арылып, кешірім сұрап немесе кешіре біліңіз. Өйткені шынайы кешірім адамға жан тыныштығы мен үлкен бақыт сыйлайды», – деді өнер иесі.
Айгүл Иманбаеваның жүрекжарды жазбасы әлеуметтік желі қолданушыларының ықыласына бөленіп, көпшілік ата-ананың қадірі мен кешірімнің құдіреті туралы пікірлерін білдірді.