Қоғам

«Менің қарындасым болып көрін»: «Жаңа адамдар» әлеуетті педофилдерді әшкерелеуді жалғастыруда

Торғын Абушахман Торғын Абушахман
«Менің қарындасым болып көрін»: «Жаңа адамдар» әлеуетті педофилдерді әшкерелеуді жалғастыруда
Фото: Видеодан скрин

«Жаңа адамдар» қозғалысы бір жылдан астам уақыт бойы кәмелетке толмағандарға жыныстық қызығушылық танытатын әлеуетті педофилдерді анықтауға бағытталған азаматтық науқандар жүргізіп келеді. Осы кезеңде ұйым тарапынан 124 азаматтық науқан ұйымдастырылған, деп хабарлайды kznews.kz.

Науқан аясында белсенділер әлеуметтік желілерде балалар атынан тіркелген аккаунттар арқылы кәмелетке толмағандармен байланыс орнатуға тырысатын ересек адамдарды анықтайды. Олар балалармен саналы түрде хат алмасып, жеке кездесуге шақырған тұлғаларды тіркеп, дәлелдер жинайды.

Кезекті эксперимент барысында 13 жасар қыздың профилі жасалды. Арандатушылық сипаттағы материалдарсыз, қарапайым бала аккаунты қысқа уақыт ішінде ересек ер адамдардың назарын аударған.

Ең белсенді байланыс орнатқандардың бірі — 2000 жылы туған Сабиров Саруар. Ол хат алмасу барысында баламен сөйлесіп отырғанын түсінгенін растаған және жас айырмашылығы маңызды емес екенін айтқан. Кездесу кезінде ол шындықты жасыруды талап етіп, көпшілік алдында өзін оның қарындасы ретінде таныстыруды ұсынған.

Кездесу арнайы дайындалған квест-бөлмеде ұйымдастырылды. Оқиға орнына келген Саруарды «Жаңа адамдар» қозғалысының белсенділері қарсы алып, жиналған барлық дәлелдер — хат алмасу жазбалары, айтылған ұсыныстар мен әрекеттер — таныстырылды. Күдікті камерадан қашуға және бетін жасыруға тырысқан. Барлық материалдар тіркеліп, әрі қарай тексеру жүргізу үшін тиісті құқық қорғау органдарына тапсырылды.

«Жаңа адамдар» қозғалысының өкілі Алтынай Калиева мәселенің қоғам үшін маңызын атап өтті:

«Педофилия — жекелеген оқиғалармен шектелетін мәселе емес. Ол қоғам бейжайлық танытқан кезде пайда болады. Әр адамда таңдау бар: болып жатқан жайттарға көз жұму немесе бұл мәселенің өзіне де қатысты екенін түсіну. Біз екінші жолды таңдадық», — деді ол.

Қозғалыс өкілдері мұндай азаматтық бастамалардың басты мақсаты — қоғам назарын проблемаға аудару және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz