Заңгер Мейірман Шекеев өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтып, бұл туралы әлеуметтік желіде мәлімдеме жасады, деп хабарлайды kznews.kz.
Заңгер Мейірман Шекеев әлеуметтік желідегі парақшасында өзіне қолдау көрсетіп жатқан азаматтарға ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, соңғы күндері Қазақстандағы азаматтармен қатар, шетелдегі қолдаушылары мен әріптестері де хабарласып жатыр.
"Соңғы күндері мен үшін алаңдап, қолдау білдіріп жатқан баршаңызға алғыс айтамын. Бұл видеоны сіздерді уайымдату үшін жариялаған жоқпын. Қазір жағдайдың шынайы мән-жайын бәріміз білуіміз керек. Маған Оңтүстік Кореядан, Египеттен, Түркиядан және Ресейден де қолдаушыларым мен әріптестерім хабарласып жатыр", - деді ол.
Шекеев өзіне қатысты жағдайды қазақ тілін және Қазақстанның мемлекеттік тілін қорғауымен байланыстыратынын айтты.
"Біз ана тілімізді, яғни Қазақстанның мемлекеттік тілі болып бекітілген қазақ тілін қорғағанымыз үшін осындай іске тап болып отырмыз. Мұны түсіну өте қиын. Көпшілік те бұл жағдайға таңғалып отыр. Мен бұған дейін ешқашан заң бұзған емеспін. Тіліміз үшін соңына дейін күресуге дайынмын", - деді заңгер.
Сондай-ақ ол оқырмандарын әлеуметтік желіде арандатушы пікірлер жазбауға шақырды.
"Қазақстанның мемлекеттік тілі — қазақ тілі. Сондықтан осы видеоның астына ұлтаралық алауыздық тудыруы мүмкін пікірлер жазбауларыңызды сұраймын. Мені қамауға алса да, артымда мені қолдайтын мыңдаған Мейірман бар екеніне көзім жетіп отыр. Қазір парақшамның тәулік бойы бақылауда екенін де білемін", - деді Шекеев.
Заңгер тіл мәселесіне байланысты бұған дейін басқа азаматтардың әрекетіне қатысты бірнеше рет арыз жазғанын да айтты. Алайда оның сөзінше, сол арыздардың ешқайсысы бойынша іс қозғалмаған.
"Бұл жерде мен үшін тағы бір түсініксіз жағдай бар. Бұған дейін тіл мәселесіне байланысты ауыр сөздер айтқан адамдардың үстінен бірнеше рет арыз жаздым. Бірақ олардың ешқайсысына қатысты іс қозғалған жоқ. Ал мемлекеттік тілді қорғаған менің әрекетімнен кінә іздеп, маған қатысты іс қозғап отыр. Бұл жағдайды түсіну қиын",- деді Мейірман Шекеев.
Айта кетейік, Мейірман Шекеев - заңгер, адвокат және қоғам белсендісі. Ол Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша жәбірленуші тарапты қорғап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Қазіргі мәлімдемесінде ол өзіне қатысты істің нақты қай бап бойынша қозғалғанын ашып айтпады.