Қазақ өнерінің аңыз тұлғасы, театр мен киноның абызы, актер әрі режиссер, Қазақстан және КСРО Халық әртісі, "Отан", "Құрмет", "Қазақстанның Еңбек Ері" ордендерінің иегері Асанәлі Әшімов балалық шағының ең ауыр, ең тағдырлы сәттерін "Жақсы адамдарым" бағдарламасында тебірене еске алған еді, деп хабарлайды kznews.kz.
Өнер иесінің балалық кезеңі соғыстың қасіретті жылдарымен тұспа-тұс келді. Жетімдіктің, жоқшылықтың, аштықтың дәмін ерте татқан Асанәлі Әшімов сегіз жасында-ақ бір түннің ішінде есейіп кеткенін айтып, көрерменнің жүрегін елжіретті.
"Жетім бала. Жалғыз шеше. Ауылда бір қар жауғанша жалаң аяқ жүретінбіз. Мектепке келгенде терезеден қарасам қар жауып кетіпті. Жалаң аяқ далаға шыға алмайсың. Әкесі, ата-әжесі барлардың бәрі балаларын алып кетіп жатты. Менің артымнан келетін ешкім жоқ. Сол түні мектепте қалдым. Ауылдың мектебін білесіздер ғой. Сыз қара жер. От жағылмайды. Түнімен партаның үстіне шығып отырдым. Қыстың ұзақ түндері ғой. Шыңғыс Айтматов жазғандай, бір түн бір ғасырдай болды. Көзіме неше түрлі елестейді. Неше түрлі ой келеді. Соғыста жүрген әкеңді ойлайсың. 8-9 жасымда көп нәрсе ойымнан өтті. Сол түн мені есейтті. Сол түннен бастап мен үлкен адам болдым. Жоқшылықтың не екенін, аштықтың не екенін білдік, сезім ерте оянды", – деген еді ол.
Бағдарлама барысында жүргізуші актерден оқуға алғаш келген кезіндегі бір ерекше оқиға жайлы сұрағанда, Асанәлі Әшімов тағы бір тағдырлы естелікті ортаға салды.
"Анам Кентауда наубайханада істеді. Онда айлық жоқ. Оның орнына нан береді, ұн береді. Күн сайын берген ақ ұнды апам жинай берген ғой. Мен оқуға барарда бір қап ақ ұн болған. Райымбек Сейтметовпен 10 жылдықты бірге бітірдік. Сол екеуміз бір қап ұнды базарға шығардық. Онда базарға шығып, сауда жасау қазақтар үшін ұят. "Апыр-ай, бірге оқыған қыздарым көріп қоймаса нетті?!" деп әрең тұрмыз. Бізге күн де қарасып, жел тұрды да, бетіміз әппақ, ешкім танымай абырой болды. Бір қап ұнды сатып, соның ақшасымен оқуға келдім", – деп еске алған еді марқұм Асанәлі Әшімов.
Осы "бір қап ұн" оқиғасы кейін белгілі ақын Ғалым Жайлыбайдың "Бір қап ұн" атты балладасына арқау болды. Бұл туындыны өзге тілдерге аудару жоспарда екені де айтылды.
Бағдарламада Асанәлі Әшімов соңғы жылдары күнделік жазуды тоқтатып, естелік жанрына көшкенін, келешек ұрпаққа аманат болар қолжазба дайындап жатқанын да жеткізді.
"Көп нәрсе жарияланбайды. Ішінде ашық айтқан әңгімелер, ащы айтқан сөздер бар. Соның бәрі қолжазба ретінде сіздерге қалады. Мен кеткеннен кейін оқисыздар", – деген еді ол.