Журналист Нәзия Жоямерген әлеуметтік желіде ақын-жазушыларға қатысты қоғамда жиі айтылатын талаптарды сынға алды. Оның пікірінше, әдебиет өкілдеріне мемлекет тарапынан ерекше жағдай жасауды сұрау – қисынсыз әрі Кеңес дәуірінен қалған көзқарас, деп хабарлайды kznews.kz.
Автор жазушылар мен ақындарға баспана беру, тегін кітап шығару секілді талаптардың негізсіз екенін атап өтті.
— «Жазушы мен ақынның басқа мамандықтардан қандай артықшылығы бар? Кеңес одағы кезінде олар идеология құралы болды. Ал тәуелсіз Қазақстанға не үшін керек олар?» — деп жазады журналист.
Сондай-ақ ол ұлттық мүдде мен әлеуметтік әділетсіздік мәселелері көтерілген сәттерде көптеген ақын-жазушылардың үнсіз қалатынын сынға алды. Мысал ретінде Желтоқсан ардагері Мирболат Мырзатайұлының ісін келтіріп, зиялы қауым өкілдерінің қолдау білдірмегенін атап өтті.
— «Алматыдағы 224-мектептің қазақ мектебі болуы үшін күресіп жүрген ата-аналарға араша түскен қай жазушыны білеміз?» — дейді ол.
Журналист кейбір әдебиет өкілдерінің жеке басының қамын ойлап, мемлекеттен үнемі жеңілдік күтетінін де жасырмай сынға алған.
— «Жазсын, сатсын, пайда тапсын. Мемлекетке, халыққа масыл болмасын», — деп түйіндеді ол.
Сонымен қатар Нәзия Жоямерген қазіргі қоғамда қарапайым мамандық иелері ешқандай артық талап қоймай, адал еңбегімен күнін көріп жүргенін еске салды.