Шараға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, университет ұжымы мен студенттер қатысты, деп хабарлайды kznews.kz.
Нұрасыл Медеудің айтуынша, әлемдік талаптарға сай спорт мамандарын даярлайтын университет құру идеясы 2021 жылы пайда болған. Алғашында 150 студент қабылдаған Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы бес жыл ішінде бес мыңға жуық жас білім алатын жоғары оқу орнына айналған.
Құрылтайшы осы уақыт аралығында университеттің тұжырымдамасы мен сәулеттік жобасын әзірлеуге, материалдық базасын қалыптастыруға және білім беру жүйесін дамытуға жеке қаражаты мен еңбегін жұмсағанын айтты. Оның сөзінше, оқу орнын кейін мемлекетке беру бастапқы кезден көзделген.
«Кез келген алыпқашпа әңгімеге нүкте қойғым келеді. Бұл – сату да емес, сенімгерлік басқаруға беру де емес, мәжбүрлі түрде жасалған қадам да емес. Бұл – туған еліме жасалған өтеусіз сый», – деді Нұрасыл Медеу.
Университеттің мемлекетке берілуіне байланысты студенттер алдындағы міндеттемелер де сақталмақ. Құрылтайшы бұған дейін тағайындалған гранттардың тоқтатылмайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, грант иегерлерінің оқуын аяқтауына қажетті қаражат университеттің есепшотына орналастырылған. Бұл міндеттемелер заң жүзінде де бекітіледі.
Оқу орнында құрылтайшының бастамасымен Merit Grant және Life Chance Grant бағдарламалары іске қосылған. Біріншісі оқу ақысын толық өтесе, екіншісі оқу ақысымен қатар ай сайынғы шәкіртақыны, тәлімгерлік қолдауды, жатақханада тұруды және шетелде білім алу мүмкіндігін қарастырады.
Жиында университеттің білім беру және халықаралық ынтымақтастық бағытындағы жұмыстары да таныстырылды. Ұсынылған мәліметке сәйкес, оқу орнында киберспорт пен спорт медиасына арналған зертханалар, Құтқару спорты орталығы және Олимпиадалық зерттеулер, білім беру және мұра орталығы ашылған. Шетелдік оқу орындарымен қос диплом бағдарламалары да дамытылып жатыр.
Нұрасыл Медеу университеттің негізгі құндылығы ғимараттары мен жабдықтарында ғана емес екенін атап өтті.
«Университет дегеніміз – ғимарат пен қабырғалар ғана емес. Оның басты байлығы – білікті оқытушылар құрамы, бірегей білім беру бағдарламалары, дұрыс ұйымдастырылған оқу үдерісі және жүйелі тәрбие жұмысы», – деді ол.
Салтанатты жиында Нұрасыл Медеу мен Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов университетті мемлекетке беру туралы құжатқа қол қойды. Сондай-ақ құрылтайшы гранттарын жеңіп алған студенттерге сертификаттар табысталды.
«Қазақстанның болашағына осындай үлес қосу мен үшін үлкен мәртебе. Біз құрғанның барлығы жастарға, отандық спортқа және елімізге қызмет етуі керек», – деді университеттің негізін қалаушы.