Кино басталды: Джеки Чан "Құдай сауытын" қайта киді
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Мегаполистің коммуналдық мәселесі: жаңғырту жаңа кезеңге өтті ме?

Мегаполистің коммуналдық мәселесі: жаңғырту жаңа кезеңге өтті ме?
Фото: AI көмегімен жасалған.

Алматы қаласында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бағытындағы жаңғырту жұмыстары жыл сайын қарқын алып келеді. 

Мәселен, биыл қала билігі инженерлік желілерді жаңарту, электрмен және сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту, цифрландыру және тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасын арттыруға басымдық беріп отыр.

Жалпы, қаланың негізгі мәселелерінің бірі инженерлік желілердің тозуы екені белгілі. Осыған байланысты биыл 339,1 шақырым су құбырын салу және жаңғырту жоспарланған екен. Жұмыс аяқталған соң қаладағы сумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейі 51 пайыздан 49 пайызға дейін төмендейді. Сонымен қатар 285,1 шақырым кәріз желісі жаңартылып, оның тозу деңгейін 48 пайызға дейін азайту көзделген.

Электрмен жабдықтау жүйесін жаңарту да жалғасуда. 2026 жылы Алматыда шамамен 270 шақырым электр желісі қайта жаңғыртылып, бірнеше қосалқы станса мен тарату пункті жөнделеді. Бұл қаладағы электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттырып, апаттық ажыратулардың санын азайтуға мүмкіндік береді.

Мұнан бөлек, биыл коммуналдық саланы цифрландыруға ерекше көңіл бөлінуде. Қалада сумен жабдықтау және су бұру нысандарына автоматтандырылған басқару жүйелері, сондай-ақ SCADA және EMS технологиялары кезең-кезеңімен енгізілуде. Бұл инженерлік желілердің жұмысын тәулік бойы бақылап, апаттардың алдын алуға және су мен электр энергиясының шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге коммуналдық есептеу құралдарын IoT технологиясына көшіру басталды.

Су ресурстарын үнемдеу де басты бағыттардың бірі. Қазіргі таңда Алматыдағы 162 автожуу кешенінде суды қайта пайдалану жүйесі орнатылған, оның 33-і биыл іске қосылды. Ал белгіленген талаптарды орындамаған 146 автожуу орнының қызметі тоқтатылған.

Жалпы, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға қомақты қаржы бөлініп отыр. 2026 жылғы қала бюджетінде сумен жабдықтау, су бұру жүйелері мен коллекторларды жаңғыртуға шамамен 400 млрд теңге қарастырылған екен. Тұтастай алғанда, инфрақұрылымды дамытуға 2,8 трлн теңге бағытталмақ.

Қорыта айтқанда, Алматы сияқты үлкен мегаполис үшін коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту халықтың өмір сүру сапасын жақсартудың негізгі тетігіне айналуға тиіс. Сондықтан желілердің тозуын азайту, цифрлық басқару жүйелерін енгізу және коммуналдық қызметтердің тұрақтылығын қамтамасыз ету қаланың тұрақты дамуына және тұрғындардың жайлы өмір сүруіне негіз болады.

Автор
Гүлжан Амангелдіқызы

журналист-жазушы. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің түлегі. «Арай +» телеарнасында, «Қазақстан - Атырау» телеарнасында редактор, «Жетісу Университеті», «Нұрлы өлке» газеттерінде тілші және Baq.kz, Inbusiness.kz, El.kz ақпараттық порталдарында фрилансер болған.