ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Темір Қырықбаев Парламент дәлізінде тілшілердің сұрағына жауап беру кезінде өзінің Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Нұрайым Шәкімергеннен туған некесіз ұлы бар екенін ашық мойындады, деп хабарлайды kznews.kz.
Депутат соңғы күндері әлеуметтік желілерде тарап кеткен деректерден хабардар екенін айтты. Әсіресе, кейбір желі қолданушылары "Қырықбаев Шәкімергенге мәслихаттағы орнын сыйға тартты" деген ақпарат таратқан.
«Желіде мен ол әйелге мәслихаттағы орнымды “сыйлаған” деген әңгімелер жүр. Бұл — ақылға қонымсыз! Ол халықтың дауыс беруі арқылы депутат болды. Қаласаңыздар, бұл сұрақты аумақтық сайлау комиссиясына қойыңыздар. Мен ешкімге “оған дауыс беріңдер” деп қысым көрсеткен жоқпын», – деді Темір Қырықбаев.
Депутат өзінің жеке өміріне қатысты әңгімелердің қоғамдық талқыға айналуын орынсыз деп санайтынын да жеткізді.
«Ол менің тоқалым ба, емес пе — бұл менің жеке өмірім. Оны талқылауға ешкімнің құқығы жоқ. Ал бала туралы айтар болсам — мен оның әкесі екенімді ешқашан жасырған емеспін. Ол – менің ұлым. Мен оған тегімді бердім. Бұны мен Алладан да, адамнан да жасырмаймын», – деді ол.
Қырықбаевтың айтуынша, бастысы — баланың тағдыры мен болашағы, ал қоғамда таралған дақпырт сөздер шындықты өзгерте алмайды.