Ақмола облысының Ақкөл қаласында қайғылы оқиға болып, мас күйінде сәбиін емізіп отырған әйел абайсызда баласын тұншықтырып алған. Салдарынан нәресте көз жұмды, деп хабарлайды kznews.kz.
Әйел оянған кезде нәрестесінің қимылсыз жатқанын байқаған. Ол бірден жедел жәрдем шақырғанымен, дәрігерлер баланың қайтыс болғанын анықтаған. Медициналық сараптама сәби өлімінің себебі ауа жетіспеуі болғанын көрсетті.
Іс сотта қаралып, прокурор әйелге бас бостандығынан айырудың орнына бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады.
Сот үкім шығарған кезде сотталушының әрекетіне шын өкінгенін жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде бағалады. Ал қылмыс кезінде алкогольдік масаң күйде болуы жазаны ауырлататын фактор ретінде ескерілді.
Нәтижесінде сот әйелді 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесті. Сонымен қатар оған пробациялық бақылау белгіленді.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.