Қаралы жиынға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысты.
Сондай-ақ рәсімге Ұлттық құрылтай мен Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, қоғам қайраткерлері және қаза тапқан әскери қызметшілермен бірге қызмет еткен азаматтар барды.
Жиналғандар марқұмдардың туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтты. Қаза тапқан жауынгерлердің рухына Құран бағышталып, діни рәсімдер жасалды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әскери қызметшілердің отбасыларына мемлекеттік әлеуметтік төлемдер мен материалдық көмек көрсетіліп жатыр. Сондай-ақ жаназа және жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға қажетті қолдау берілген.
Бұған дейін Маңғыстау облысының әкімдігі қаза тапқандардың отбасылары мен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін арнайы қор айқындаған.
Әкімдік мәліметінше, қорға жиналған қаражат қаза болған әскери қызметшілердің отбасылары мен зардап шеккендерге атаулы түрде беріледі. Қаражаттың бөлінуі мемлекеттік және құқық қорғау органдарының бақылауында болады.
Маңғыстау облысының әкімдігі марқұмдардың ата-аналарына, туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.