Маңғыстау облысының тұрғыны қаңғыбас мысық тістегеннен кейін құтыру ауруынан қайтыс болды, деп хабарлайды kznews.kz.
Белгілі болғандай, ер адам тістелгеннен кейін дер кезінде дәрігерге қаралмаған. Соның салдарынан ауру асқынып, өліммен аяқталған.
Биылдың алғашқы тоғыз айында Маңғыстау облысында жануарлардың тістеуі мен тырнауынан 1 351 адам зардап шеккен.
Олардың ішінде 52 пайызы – балалар, 4,4 пайызы – жасөспірімдер, ал 43,4 пайызы – ересектер.
Облыстың аса қауіпті инфекциялар мен туберкулезге бақылау бөлімінің бас маманы Жарас Белгібаевтың айтуынша:
“Жануарлар шабуылынан 823 адам иттен, 461 адам мысықтан, ал 67 адам басқа жануарлардан (жылқы, тышқан, түлкі және т.б.) зардап шеккен. Барлық жағдайдың 64,7 пайызы иттердің, 34,1 пайызы мысықтардың тістеуімен байланысты”, – деді маман.