Маңғыстау облысында қаңғыбас мысық тістеген тұрғын құтыру ауруынан қайтыс болды. Бұл туралы жергілікті санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлады.
Биыл өңірде жануарлар тістеген 1 351 адам тіркелген. Солардың бірі – қаңғыбас мысық тістеген тұрғын дер кезінде медициналық көмекке жүгінбегендіктен, ауру өліммен аяқталған.
Облыстық санитариялық қызметтің мәліметінше, зардап шеккендердің ішінде:
– 52% – балалар,
– 4,4% – жасөспірімдер,
– 43,4% – ересектер.
Белгілі иесі бар жануарлардан 476 адам, ал белгісіз (қаңғыбас) жануарлардан 875 адам зардап шеккен.
Шабуыл жасағандардың көбі – иттер (64,7%), мысықтар – 34,1%, басқа жануарлар (жылқы, тышқан, түлкі және т.б.) – 4,9%.
Бұл туралы ерекше қауіпті инфекциялар мен туберкулезге қарсы бақылау бөлімінің бас маманы Жарас Белгібаев мәлімдеді.
Жыл басынан бері антирабикалық (құтыруға қарсы) көмек алғандар саны – 1 351 адам.
Олардың 801-іне құтыруға қарсы вакцина салынса, 544 науқасқа иммуноглобулин егілген.
Белгібаевтың айтуынша, иммуноглобулин жоғары жұқтыру қаупі бар жағдайда, яғни жараның орналасуы мен ауырлығына байланысты қолданылады.
«Егер адамды ит немесе мысық тістесе, тырнап алса, не жануардың сілекейі теріге немесе жараға тисе, дереу медициналық көмекке жүгіну керек. Артынша дәрігер белгілеген вакцинация кестесін қатаң сақтау қажет», – деді маман.
Ол сондай-ақ құтырудың алдын алудың ең тиімді жолы уақтылы егілуді қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Айта кетейік, құтыру – орталық жүйке жүйесін зақымдайтын, өлімге әкелуі мүмкін аса қауіпті вирус жұқпалы ауру. Инфекция көбіне жабайы және үй жануарларының тістеуі, тырнауы немесе сілекейі арқылы жұғады.
Аурудың жасырын кезеңі (инкубациялық мерзімі) әдетте 1 айдан 3 айға дейін, кейде 10 күннен 1 жылға дейін созылады.
Уақытылы медициналық көмек көрсетілмесе, дерттің соңы қайғылы жағдаймен аяқталады.