Танымал әнші Димаш Құдайбергеннің анасы Света Айтбаева болашақ келініне қатысты талаптары мен көзқарасын бөлісті, деп жазады Ozgeris.info.
Ол бұл туралы "Жібек жолы" телеарнасының Бүгін.live бағдарламасына берген сұхбатында айтты. Айтбаеваның сөзінше, ол ұлының жеке өміріне араласпайды және оның таңдауын құрметтейді.
"Әрбір ата-ана баласының өз шаңырағын көтергенін қалайды. Бір күні бұйырады деп сенеміз. Қазір Димаштың жылы өте тығыз, концерттер мен сапарларға толы. Маңдайға не жазылса, соны көресің дейді ғой. Сол жақсы күннің келетініне сеніміміз мол", – деді ол.
Света Айтбаева болашақ келінге қатаң талап қоймайтынын, ұлының таңдауы қандай болса да, оны құшақ жая қарсы алатынын айтты.
"Кім болса да, бұйырғаны. Қатаң тәртіппен шектемейміз. Бірақ өз кеңесімізді айтып, әулетіміздің қағидаларын түсіндіретініміз рас. Оны өзімізге қарай баулимыз", – деді ол.