Маңғыстау облысы Шетпе ауылының 20 жастағы тұрғыны Әсет Жаңабай Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан сарбаздардың қатарында болды. Оның әскерден оралуына санаулы күн қалған еді, деп хабарлайды kznews.kz. Бұл туралы марқұмның әпкесі Sputnik.kz тілшісіне айтып берген.
Туыстарының сөзінше, Әсет оқу-жаттығуға аттанар алдында отбасымен кездесіп, жақындарымен қоштасып үлгерген. Ол демалысқа бір күнге үйіне келген.
«Мамаға барып, көріп қайтайыншы» деп сұранған. Сол күні үйге келіп, барлық туысымызбен қоштасып кеткен екен. Жарығымды соңғы рет көруіміз сол болды», – дейді әпкесі.
Марқұм теңіздегі оқу-жаттығу туралы оқиғаға дейін төрт-бес күн бұрын туыстарына айтқан. Әсетің жүзуді білмейтінін естіген жақындары алаңдаған. Алайда ол: «Мен жағасында жүремін ғой», – деп жауап берген.
Әпкесінің айтуынша, Әсет мінезі ашық, адамдармен тез тіл табысатын әрі достары көп болған. Жас сарбаздың айналасындағылармен қарым-қатынасы жақсы болғанын жақындары да атап өтті.