KZNews.kz
Жаңалықтар

Мал ұрлығы: үш күнде 20 қылмыстық топ ұсталып, 107 іс ашылды

Фотоиллюстрация: Kznews

Ауылдағы ағайынның қолындағы мал басының көбейгенін мақтанышпен айтуға болады. Алайда, ет бағасының күрт қымбаттауы ел ішін күтпеген жағдаймен бетбе-бет келуге мәжбүр еткендей. Дерек бойынша, мал ұрлығы көбейген. Бұл адал малынан аяқ-асты айырылып қалған адамдардың ашу ызасын туғызып отыр. Ал мал ұрлығының артқанын полиция да мойындайды.

Мысалы, өткен үш күн ішінде "Мал ұрысы" атты кең ауқымды жедел-профилактикалық іс-шара барысында бірнеше аймақта ұрылардың ірі тобы ұсталып, қолды болған мал иелеріне қайтарылған.

– "Мал ұрысы" арнайы іс-шарасы ауыл тұрғындарының мүлкін қорғауға және мал ұрлығын болдырмауға бағытталған. Үш күн ішінде полиция қызметкерлері мал тасымалдаған 12 мыңнан астам көлікті, 3,5 мыңнан аса сатып алу орындарын, сондай-ақ 8 мың шаруа қожалықтары мен фермаларды тексерді, – деді Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Тексеру нәтижесінде Астана мен Алматы қалаларында алты заңсыз мал сою цехының жұмысы әшкереленіп, елорданың базарларының бірінде ет сатуға арналған жалған мөр қолдану фактісі анықталған. 

Полиция мал ұрлығына қатысы бар 113 адамды ұстапты. Тіпті, 20 қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылып, 107 мал ұрлығына қатысы іс жедел ашылған екен. Соның нәтижесінде 800 бастан астам ірі қара малы өз иелеріне қайтарылған.

Атап айтқанда, Павлодар облысында алты эпизод бойынша 43 бас ірі қара малды ұрлаған төрт адамнан құралған топ ұсталса, Жетісу облысында да 50 бас ірі қараның ұрлығына қатысы бар төрт адамнан тұратын топ анықталып, қылмыс дер кезінде тоқтатылған көрінеді.

Ал Ақтөбе облысында полицейлер жайылымда жүріп жоғалған 20 бас жылқыны тауып, иелеріне қайтарып берген.

Қалмаханбет Мұқаметқали
Автордың басқа материалдары