Еліміз табиғи ресурстарға бай мемлекет ретінде ұзақ жылдар бойы мұнай, газ, уран және түрлі металдардың әлемдік нарықтағы ірі жеткізушілерінің бірі саналып келеді.
Бұл фактор елге қомақты шетелдік инвестиция тартуға мүмкіндік берді. Алайда, бүгінде елдің инвестициялық саясаты жаңа кезеңге аяқ басты. Ендігі басымдық тартылған инвестиция көлемін ұлғайту ғана емес, оның сапасын арттыруға бағытталған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстан инвестициялық модельді түбегейлі жаңғыртуға кірісті. Жаңа саясаттың негізгі мақсаты өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, өндірісті жергіліктендіру, заманауи технологияларды енгізу, инновациялық өндірістерді қалыптастыру және жоғары қосылған құны бар өнім шығаратын кәсіпорындарды көбейту болмақ. Бұл тәсіл шикізатқа тәуелділікті азайтып, экономиканың тұрақты әрі ұзақ мерзімді өсімін қамтамасыз етуге бағытталған.
Осы жерде елімізге тән үш басты артықшылық туралы айтуымыз керек. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы үш негізгі факторға сүйенеді.
Біріншіден, Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі экономика. Бұл инвесторларға халқы мен экономикасы қарқынды дамып келе жатқан өңірлік нарыққа шығуға мүмкіндік береді. Қазақстанға келген инвестор іс жүзінде бүкіл Орталық Азия нарығына жол ашады.
Екіншіден, елдің географиялық орналасуы ерекше стратегиялық маңызға ие. Қазақстан Қытай, Ресей, Кавказ және Еуропаны байланыстыратын негізгі көлік-логистикалық дәліздердің бойында орналасқан. Соның нәтижесінде мемлекет Еуразиядағы маңызды транзиттік және логистикалық хабқа айналып келеді. Әсіресе Транскаспий халықаралық көлік бағытының дамуы Қазақстанның бұл артықшылығын күшейте түсті. Үшіншіден, халықаралық сарапшылар Қазақстанның макроэкономикалық тұрақтылығын жоғары бағалайды. Әлемдік экономикада геосаяси тәуекелдер мен белгісіздік күшейген кезеңде ел қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтап, инвесторлар үшін болжамды экономикалық орта қалыптастырып отыр.
Жалпы, жаңа инвестициялық саясат тек мәлімдемелермен шектелмейді. Оны іске асыратын нақты институттар қалыптастырылды. Олардың қатарында инвестициялық жобаларды жедел сүйемелдеумен айналысатын Инвестициялық штаб, инвесторлар үшін мемлекеттік қызметтерді цифрландыратын Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа жұмыс істейді. Сонымен қатар шетелдік инвесторлар, кәсіпкерлер мен жоғары білікті мамандарға арналған Altyn Visa бағдарламасы іске қосылып, Қазақстанды капитал мен таланттарды тартатын өңірлік орталыққа айналдыру көзделуде.
Бұл бастамалар қазіргі әлемдік бәсекенің сипаты өзгергенін көрсетеді. Егер бұрын мемлекеттер негізінен қаржы үшін таласса, бүгінде технология, инновация, адами капитал және жоғары білікті мамандар үшін де бәсекелестік күшейіп келеді. Қазақстан осы үрдіске бейімделіп, инвестициялық саясатты жаңа талаптарға сәйкестендіруде.
Ал халықаралық рейтингтер не дейді? Инвесторлар үшін маңызды көрсеткіштердің бірі тәуелсіз халықаралық рейтингтер. Олар елдің экономикалық тұрақтылығын, мемлекеттік қаржысының жағдайын, тәуекел деңгейін және ұзақ мерзімді инвестициялардың қауіпсіздігін бағалайды.
Қазіргі таңда әлемдегі үш жетекші рейтингтік агенттік Қазақстанның инвестициялық деңгейдегі рейтингін растады. Атап айтқанда, Fitch Ratings – BBB, болжамы – тұрақты, S&P Global Ratings – BBB, болжамы – оң және Moody's – Baa1, болжамы – оң деген нәтиже көрсетіп отыр
Сарапшылардың айтуынша, әртүрлі агенттіктердің бір-біріне ұқсас бағасы ел экономикасының іргелі көрсеткіштері мен мемлекеттік қаржы жүйесінің орнықтылығын дәлелдейді. Бұл инвесторлардың тәуекелді төмен бағалауына және капитал құнының арзандауына ықпал етеді.
Мұнан бөлек, елдің бәсекеге қабілеттілік көрсеткіштері жақсаруда. Қазақстанның позициясы өзге халықаралық рейтингтерде де жақсарып келеді.
2025 жылғы IMD World Competitiveness Ranking рейтингінде Қазақстан 34-орынға көтерілді. Бұл 2023 жылғы 37-орынмен салыстырғанда үш сатыға жоғары көрсеткіш. Global Peace Index 2025 рейтингінде де Қазақстан 61-орыннан 56-орынға көтерілді. Халықаралық бизнес үшін бұл ұзақ мерзімді тәуекелдердің төмендеуінің маңызды белгісі саналады.
Ал Sustainable Development Report рейтингінде Қазақстан 169 елдің ішінде 67-орынға жайғасты. Рейтинг 123 көрсеткіш бойынша бағаланады. Оның ішінде экономикалық даму, білім беру, денсаулық сақтау, қоршаған орта, мемлекеттік институттардың сапасы және халықтың әл-ауқаты қамтылады. Осы көрсеткіштер бойынша Қазақстан Түркия, Үндістан, Индонезия, Мексика, Сауд Арабиясы және Оңтүстік Африка сияқты бірқатар ірі дамушы экономикаларды басып озған.
Тоқетерін айтқанда, Қазақстанның бүгінгі инвестициялық саясаты дәл осы қағидаға негізделген. Ел табиғи ресурстарға ғана арқа сүйемей, инновацияға, технологияға және жоғары қосылған құны бар өндірістерге басымдық беру арқылы өңірдегі инвестициялық көшбасшылықты сақтап қалуға және ұзақ мерзімді экономикалық өсуді қамтамасыз етуге ұмтылып отыр.