АҚШ-тағы түрмеде отырған Венесуэла президенті Николас Мадуро 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай ел тұрғындарына ерекше үндеу жолдады, деп хабарлайды kznews.kz.
Саясаткердің ұлы Николас Мадуро Герра әкесінің жолдауын әлеуметтік желіде жариялаған. Онда Мадуро венесуэлалықтарды үміт пен сенімін жоғалтпауға шақырып, ел барлық қиындықты еңсереді деп мәлімдеген.
"Иса бізге егер сенімдеріңіз берік болса, тіпті тауға да "көтеріліп, теңізге құла" деп айта аласыздар деп үйреткен. Бізге осы қиындықтарды жеңіп, Отанымыздың болашағын ашу үшін шынайы әрі ортақ сенім қажет", – деп жазылған үндеуде.
Жолдаудың соңында Мадуро өзінің дәстүрлі қолтаңбасын қалдырған. Бұл үндеу оның АҚШ-та ұсталғаннан кейін ел халқына жасаған алғашқы үндеулерінің бірі болып отыр.
Еске салайық, 3 қаңтар күні АҚШ арнайы операция жүргізіп, Венесуэла басшысы Николас Мадуроны тұтқындаған болатын. Сонымен қатар оның жұбайы Силия Флорес те елден шығарылған. 5 қаңтарда олар Нью-Йорктегі федералдық сотта есірткі саудасына қатысы бар деген айыппен сот алдына шықты. Алайда Мадуро мен оның жұбайы тағылған айыптарды мойындамаған.
Қазіргі уақытта Венесуэлада уақытша билік тізгінін бұрын вице-президент қызметін атқарған Делси Родригес қолға алған.