Жамбыл облысында қаза болған 19 жастағы Мадинаның мүддесін белгілі адвокат Инга Иманбай қорғайтын болды, деп хабарлайды kznews.kz.
Заңгердің айтуынша, істі қолға алу туралы марқұмның анасы өтініш жасаған. Енді Инга Иманбай мен Жан Ахмадиев бастаған команда істі заңгерлік және ақпараттық тұрғыдан соңына дейін алып баруды жоспарлап отыр.
"Мадина үшін әділдік! Мадинаның өліміне қатысты істі анасының өтінішімен Жан Ахмадиев екеуміздің командамыз қолға алды. Енді бұл істі ақпараттық та, заңгерлік те тұрғыдан соңына дейін алып барамыз. Мадинаның өліміне қатысты барлық мән-жай анықталып, әділ құқықтық баға берілуі үшін бар күшімізді саламыз", – деп жазды Иманбай.
Адвокат істің назардан тыс қалмауы, барлық мән-жайдың анықталуы және әділ құқықтық баға берілуі маңызды екенін атап өтті.
Бұған дейін Мадинаның өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырған. Марқұмның жақындары оның өз-өзіне қол жұмсағаны туралы нұсқаға күмән келтіріп, істің жан-жақты тергелуін талап еткен.