Қоғам мен әлеумет назары өткінші тақырып айналасындағы хайп пен хейт пікірге мейлінше ауған сайын маңызды мәселелерге қатысты жалпы халықтық көзқарас тұмшалана береді.
Бұл ел тағдырына қатысты қабылданатын шешімдердің ашықтығы мен жариялылығына қатысты күмәнді арттырады. Әсіресе заң шығару мен заңнамалық өзгерістерді қабылдау бағытындағы жұмыстардан әлеуметтің бейхабар болуы құқықтық мемлекет ұстанымына қайшылық ретінде қарастырылуға тиіс.
Яғни, маңызды саяси, экономикалық, әлеуметтік, құқықтық шешімдерге халықтың қызығушылығы мен қатысуы жоққа тән. Тіпті, арнайы білім мен кәсіби талдауларды қажет етпейтін тақырыптарға қатысты алғанда да қоғамның енжарлығы анық байқалады.
Есесіне, заң шығару ісіндегі лобби ұғымының үлкен әрі ықпалды күшке айналғанын, ынталы топтардың жеке мүдде мен мақсат жолында ештеңеден аянбайтынын мойындауымыз керек. Әсіресе, құрылыс саласына қатысты заң жобасын талқылау кезінде бұл үрдіс ашық байқалған.
Жалпы, қоғам талқысына түсуі тиіс заң жобасының бірі жаңа жылдан бастап қабылданатын "Құрылыс кодексі" еді. Өкінішке қарай, бұл жоба жалпы халықтық талқылаудан тыс қалды. Тіпті, аталған заңды талқылауға келгенде Мәжіліс депутаттарының арасында да пікір қайшылығы мен немқұрайдылық байқалатындай. Дегенмен, жаңа кодекс жақын күндері қабылдануға тиіс. Бұл заңның 2026 жылдың 1-қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілуіне Президент те мүдделі. Өз Жолдауында нақты тапсырма берген. Ал ондағы нормалардың мемлекет пен қоғам мүддесіне қаншалықты сай екендігін енді уақыт көрсетеді. Бірақ, заң жобасына қатысты сындарлы пікір мен көзқарас мамандар тарапынан әлі де айтылуда. 8-қазанда Мәжіліс осы кодексті қарап, бірінші оқылымын мақұлдаған болатын. Талқылаудан кейін депутат Асхат Аймағамбетов заң жобасына қатысты көзқарасын жария етті. Халық қалаулысының сөз саптауынан Кодекске көңілі толмайтыны аңғарылды.
«Өкінішке қарай, Құрылыс кодексінің жобасына берген біздің маңызды түзетулеріміздің басым бөлігі қабылданған жоқ. Алда небәрі бірнеше жұмыс тобы ғана қалды – уақыт өте аз. Біз әр азамат үшін қажет мәселелер туралы айтып отырмыз...» деген Асхат Аймағамбетов өзі ұсынған 6 нақты ұсыныстың енгізілмегеніне ашулы сияқты.
Оларды тізіп, санап шығайық:
1. Мектептер мен балабақшалар тұрғын үйлерден кейін емес, бірге салынуы тиіс.
2. Геологиялық зерттеулер шынайы болуы керек, «сатып алынған» жалған қорытындылар емес.
3. Мектеп пен ауруханаға арналған жерді қорғау, олардың орнына түнгі клуб немесе дүкен салуға жол бермеу.
4. Құрылысшылардың нақты жауапкершілігі болуы тиіс, қағаз жүзіндегі жалған меморандумдар емес.
5. Әлеуметтік нысандарды қабылдау комиссияларына қоғам өкілдері қатысуы тиіс.
6. Сапасыз құрылыс үшін нақты және қатаң айыппұлдар мен жауапкершілік енгізілуі қажет.
Өкінішке қарай, депутат ұсынған бұл өзгерістер қабылданбаған екен. Ал Аймағамбетов өз пікірін ашық жариялау арқылы қоғамнан қолдау күтетін сияқты.
«Әзірше осы күйінде, бұл нормаларсыз Кодексті қабылдауға болмайды. Заң құрылыс компанияларын емес, адамдарды қорғауы керек. Елде құрылыс компанияларының мүддесін қорғайтындар тым көп сияқты...» дейді Асхат Қанатұлы.
Жалпы, заң шығару ісіндегі лоббилер әрекетінің белсенділігі жайындағы нақты мысалдар жеткілікті. Әсіресе, құрылыс саласындағы лоббилердің жұмысы девелоперлер, құрылыс компаниялары, салалық ассоциациялардың мүддесін саяси жүйеде ашық қорғап, заң шығарушы депуттар мен атқарушы шенеуніктердің шешімдеріне түбегейлі ықпал ететінін жоққа шығара алмаймыз. Әдетте, мұндай ықпал бірнеше бағытта байқалады екен. Яғни, жер телімдерін бөлу мен құрылысқа рұқсат алу және қала құрылысы жоспарларын өзгерту мен смета, сараптаманы бекіту сияқты әрекеттерде лоббилер белсенділігі байқалған. Әсіресе, бюджет есебінен салынатын құрылыс жобаларын бөлуге қатысты жұмыста лоббилер ештеңеден тайынбайды дейді сарапшылар. Өйткені, әлеуметтік топтарға арналып салынатын баспаналарға бөлінетін бюджет қаржысының тәуекелі аз, жеткілікті мөлшерде болуы әрі құрылыс сапасына қатысты қоғамдық бақылаудың төмендігі компаниялардың табысына кепілдік береді-мыс.
Алайда, дәл осы бағытта қоғам бірнеше қауіптің барын ескеруі керек. Әуелгісі – жемқорлық. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұрыннан бері құрылыс секторын «тәуекелі жоғары сала» деп санайды. Органның мәліметінше, рұқсат беру, сараптама және смета бекіту кезеңдерінде жемқорлық ықпалы ерекше білінген.
Сарапшылардың айтуынша, кейбір құрылысшылар осы жемқорлық шығындарын тұрғын үй құнына қосады. Кейбір деректерде ол миллиардтаған теңгеге жетеді екен. Бұл нарықтағы тұрғын үй бағасының көтерілуіне себеп болады дейді.
Тіпті, құрылыс компанияларының өздері де лобби қызметінің бар екенін жасырмайды екен. Олар бұл мүддесін шенеуніктер тарапынан кедергілердің көп болуымен түсіндіреді. Яғни, жүйедегі бюрократия, саяси қысым құрылыс компанияларының иелерін заңды айналып өтуге итермелейді- мыс.
Ал бұдан шығатын жол қайда? Көптеген мамандар құрылыс саласындағы рұхсат беру, жер бөлу, бюджетті бекіту сияқты процестерді толық цифрландыру қажет дегенді айтады.
Бірақ, жаңа жылдан бастап күшіне енетін Құрылыс кодексінде бұл міндеттер толық қамтылған сияқты. Осы пікірдің бір дәлелі депутат Асхат Аймағамбетовтің жанайқайы...