KZNews.kz
Қоғам

“Лас дүниеге әуес халық”: Ресейлік блогер тағы да қазақстандықтарды қорлады

Ayzhan Sylanova
Фото: Instagram/elle_happy_mom

Әлеуметтік желіде 2,1 миллион оқырманы бар ресейлік блогер Эльмира Ілясова қазақстандықтарға қатысты қорлайтын пікірлер жазып, көпшіліктің наразылығын тудырды, деп хабарлайды kznews.kz.

Даулы жағдай Threads желісінде басталған. Блогердің elle_happy_mom атты парақшасында жарияланған «сұрақ-жауап» айдары кезінде Ілясова:

«Қазақстанда жүкті болып тұрмысқа шығу қалыпты жағдайға айналды» деген пікір білдірген. Ол өз сөзінде бұл жайтты «мұсылман елінде үйреншікті құбылыс» деп бағалаған.

Бұл мәлімдеме желі қолданушыларының наразылығын күшейткен соң, Ілясова тағы бір жазбасында қазақстандықтарды мазақтайтын сипаттағы пікір қалдырған.

«Өмір бойы кірдің ішінде өмір сүріп, лас дүниеге әуес халық», – деген жазбасы қоғамда үлкен резонанс туғызды.

Осыдан кейін Threads және Instagram желілеріндегі көптеген қолданушы блогерге жазылудан бас тартып, Instagram әкімшілігіне ұлтаралық араздық тудыратын мазмұндағы жазбалар үшін шағым жолдауға шақырды.

Қазір әлеуметтік желілерде Эльмира Ілясоваға қарсы бойкот ұйымдастыру туралы үндеулер тарап жатыр.

Ayzhan Sylanova
Автордың басқа материалдары