Марқұмның әпкесінің айтуынша, қайғылы оқиға 2026 жылғы 8 қазанда болған. Александр достарымен бірге дәмханада демалып отырған. Туысының сөзінше, куәгерлерден естіген мәлімет бойынша, жанжал марқұмның достарының бірі мен жергілікті диджейдің арасында басталған. Кейін диджей таныстарын шақырған.
Осы уақытта Александр темекі шегу үшін сыртқа шыққан. Әпкесінің болжамынша, оған 8–9 адам жабылып, шабуыл жасаған. Жігіттің арқасына, кеудесіне және жүрек тұсына үш рет пышақ сұғылған. Дәрігерлердің әрекетіне қарамастан, ол жансақтау бөлімінде көз жұмған.
Әпкесі тергеуге қатысты күмәнін айтты
Марқұмның туысы тергеу барысында бірқатар заңбұзушылық болуы мүмкін деп есептейді. Оның айтуынша, тергеуші бауырының қайтыс болғанын өзі хабарламаған. Қыз бұл ақпаратты өз бетінше анықтауға мәжбүр болғанын айтады.
Әпкесінің мәліметінше, адам өлтірді деген күдікпен әзірге тек Шынжырбай Т. есімді азамат ұсталған. Алайда туысы шабуылға қатысқан басқа адамдардың жауапкершіліктен тыс қалуынан қауіптенеді. Оның пайымдауынша, оқиғаға 11 адамға дейін қатысуы мүмкін. Сонымен қатар, тергеу барысында Александрдың төбелеске өзі араласқан болуы мүмкін деген нұсқа да қарастырылып жатқанын айтады.
Отбасының күдігін күшейткен тағы бір жайт – дәмхана мен көршілес ғимараттардағы бейнебақылау камераларының жазбаларының болмауы. Әпкесінің сөзінше, камералар жұмыс істемеген.
Ол сондай-ақ оқиға кезінде Александрмен бірге болған, өзі де зардап шеккен әрі жағдайдың жалғыз куәгері саналатын досына қысым көрсетілуі мүмкін екенін мәлімдеді. Туысының айтуынша, балалар үйінде тәрбиеленген жігітті арыз жазып, кешірім беруге көндіріп жатқан көрінеді.
Әзірге оның келтірген мәліметтері мен күдіктеріне қатысты құзырлы органдар ресми түсініктеме берген жоқ.