Жыл сайын қазан айында дүниежүзі бойынша сүт безі қатерлі ісігін емдеу мен алдын алу туралы дәстүрлі науқан ұйымдастырылады. Мамандар кеңесін кеңінен түсіндіруге арналған "Қызғылт қазан" халықаралық науқанына Қазақстан да қосылған. Айтпақшы, қазір қызғылт лента әлемдегі қатерлі ісікпен күрестің, үміт пен қолдаудың символына айналған.
Дәстүрлі "Қызғылт қазан" науқанына Алматы облысының дәрігерлері де үлес қосты. Алматы қаласында орналасқан аймақтық көпсалалы клиникада өткен іс-шараның басты мақсаты аурудың алдын алу, ерте анықтаудың маңызын түсіндіру және әйелдерді өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақыру болып отыр.
Жалпы, Қазақстанда онкологиялық есепте тұрған науқастар саны 240 мыңға жеткен. 2025 жылы 41 мыңға жуық адамға алғаш рет қатерлі ісік диагнозы қойылған. Қуаныштысы, онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім көрсеткіші 14 пайызға төмендеген.
Бүгінде Алматы облысы бойынша онкологиялық есепте 13 303 пациент тұр екен. Оның ішінде 6 539 науқас бес жыл немесе одан да ұзақ уақыт бойы дәрігерлердің бақылауында. Ал сүт безі қатерлі ісігі диагнозымен 2 864 науқас тіркелген.
2026 жылдың алғашқы тоғыз айында сүт безі қатерлі ісігінің 238 жаңа жағдайы анықталған. Оның ішінде 66 науқас бірінші, 140 науқас екінші, 21 науқас үшінші, 11 науқас төртінші сатыда тіркелген. Ал 2025 жылы 319 жаңа жағдай анықталған болса, 122 науқас бірінші, 172 науқас екінші, 13 науқас үшінші, 12 науқас төртінші сатыға тиесілі болған көрінеді.
- Бұл статистика ауруды ерте анықтаудың маңызын көрсетеді. Себебі, қатерлі ісік бастапқы кезеңде анықталса, емдеу нәтижесі де соғұрлым тиімді болады.Әдетте біз сүт безінде түйіннің пайда болуы, пішіні мен көлемінің өзгеруі, терінің тартылуы немесе қызаруы, емізіктің ішке тартылуы, қанды бөліністің болуы және қолтық астындағы лимфа түйіндерінің ұлғаюы сияқты белгілерге назар аударуға кеңес береміз. Мұндай өзгерістер байқалса, жоспарлы скринингті күтпей, дәрігерге қаралу қажет, - дейді Алматы облыстық көпсалалы клиникасының білікті околог - маммолог дәрігері Дәулет Айдаров.
Осы бағытта жылжымалы медициналық кешеннің жұмысы да маңызды екен. Ал Алматы облысында мұндай мүмкіндік бар. Соңғы үлгідегі компьютерлік томография, цифрлық маммография және ультрадыбыстық зерттеу аппараттарымен жабдықталған кешен осы жылдың басынан бері 48 елді мекенді қамтыған. Тоғыз айда 4 774 маммография, 3 881 УДЗ және 3 007 КТ зерттеуі жүргізілген. Нәтижесінде 32 қатерлі ісік және 542 алдын ала жағдай анықталған.
Сондай-ақ, онкологиялық аурулардың қатарында колоректальды қатерлі ісік те бар. Алматы аймағында бұл диагнозбен 1 021 пациент есепте тұр. Оның ішінде 462 науқас бес жыл немесе одан да ұзақ уақыт бойы бақылауда екен. Жаңадан тіркелген 181 науқастың отызында бірінші, жетпіс жетісінде екінші, елу төртінде үшінші, он сегізінде төртінші саты анықталған.