Өскеменде әскери борышын өтеуге барған 20 жастағы Қазыбек Оспановтың қазасына қатысты жақындары оның өз-өзіне қол жұмсағанына сенбейтінін айтып, марқұмның анасы ұлының әскерге барғаннан кейін күн сайын ақша сұрап хабарласқанын жеткізді, деп хабарлайды Kznews.kz.
Stan.kz таратқан мәліметке сүйенсек, қара жамылған отбасы баласының қысым көргенін алға тартып отыр. Ал мәйітті жеткізген әскери басшылық Қазыбектің өзі оқ атқанын айтқан.
Марқұмның әулеті ұлдарын үш айдан кейін оралады деп күтіп отырғанда, қаралы хабарды естіп, қайғыдан қан жұтып отыр. Анасының сөзінше, Қазыбек бөлімге барған соң таныстарынан да, бұрынғы әріптестерінен де қарыз сұрап, «әскерден келген соң қайтарамын» деп уәде берген.
“Балам қиналып кетті. Мен білмеймін. Бірақ сыныптастарынан, алдында істеп кеткен жұмысшыларынан – барлығынан ақша сұрапты балам байғұс. Менің жағдайымды ойлап, маған ешнәрсе айтпапты. Баламды тауып берсін. Балам қыршындай кетті ғой. Күнде қоңырау шалып ақша сұрапты. Ақша бер. Ақша бер деп. Менің балам қысымға түскен”, – дейді марқұмның анасы Майра.
Жақындарының айтуынша, Қазыбек әскерге өз қалауымен бармаған. Олар оның көзі нашар көретінін, соған байланысты медициналық диагнозы болғанын да алға тартты. Айтуларынша, былтыр қыркүйекте мәжбүрлі түрде алып кеткенімен, жол-жөнекей денсаулық ерекшелігі анықталып, үйіне қайтарылған. Бірақ биыл сәуірде жұмыс орнынан қайтадан күштеп әкеткенін айтады.
Ал Қорғаныс министрлігі керісінше, сарбаздың әскери қызметке өзі сұранып барғанын жеткізген.
“Әскери қызметкер әскерге өткен жылы сәуір айында шақырылған. Аталған жайт бойынша Ішкі істер министрлігі өңірлік тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Тергеу барысы әскери прокуратураның бақылауында. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді”, – деді құрлық әскерлері бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Арынғали Ақышев.
Марқұмның туыстары оқиғаға қатысты күмәнді жайттардың көп екенін айтады. Олардың сөзінше, қарауыл қызметі бейнебақылау камерасына түсіп қалғанымен, шешуші сәт кадрда көрінбеген. Сондай-ақ сот-медициналық сараптама құжатына қатысты да түсініксіз тұстар бар екенін алға тартқан.