Ашаршылық қасіретін баяндайтын туындының көрсетіліміне бірнеше сағат қалғанда қабылданған шешім қоғамда түрлі сауал туғызды, деп хабарлайды kznews.kz.
Аталған жағдай «Айтматов» тарихи фильмінің премьерасы да кейінге қалдырылған тұспен сәйкес келді. Екі туынды да кеңестік кезеңнің күрделі тарихи оқиғаларын қозғайды. Осыған байланысты әлеуметтік желілерде фильмдердің көрсетіліміне цензура әсер етуі мүмкін деген болжамдар айтыла бастады.
Алайда режиссер Ақан Сатаев Ulysmedia порталына «Күлпәш» фильмінің премьерасы прокат куәлігінің уақытында алынбауына байланысты кейінге шегерілгенін түсіндірді.
Оның айтуынша, фильмді прокатқа шығаруға қажетті құжаттарды рәсімдеу мерзімі өзгерген. Бұрын өтінімді қарауға жеті жұмыс күні берілсе, енді бұл процесс 30 жұмыс күніне дейін созылады. Режиссер жаңа талап туралы кеш білгенін мойындады.
«Бақытымызға қарай, фильмдегі қандай да бір көріністерді ауыстыру немесе қысқарту туралы сөз болған жоқ», – деді Ақан Сатаев.
«Күлпәш» фильмі 1938 жылы атылған қазақ жазушысы Бейімбет Майлиннің шығармасы негізінде түсірілген. Туындыда ашаршылық жылдарындағы бір отбасының ауыр тағдыры арқылы халық басынан өткерген қасірет суреттеледі.
Әзірге фильмнің жаңа премьера күні туралы ақпарат берілген жоқ.