KZNews.kz
Экономика

Күл тасып, көмір жағатын ағайын көгілдір отыннан дәмелі

KZNEWS
Фото иллюстрация: kznews

Мәселен, мұнай мен газдың отаны саналатын Қазақстанда қаншама шағын қала мен шалғайдағы ауылдар әлі күнге дейін күл тасып, көмір жағып жылынып отырғаны жасырын емес. Яғни, елімізде табиғи газбен қамту мәселесінде артта қалушылық бар.

Дерекке жүгінсек, осы кезеңде тұтас еліміздегі тұрғын үйлер мен нысандардың көгілдір отынға қолжетімділігі 60 пайызға әрең ілігеді екен. Жалпы, аймақтарды табиғи отынмен қамту мәселесіне 2015 жылдан бастап қана маңыз берілген. Үкімет сол кезеңде "Газдандырудың бас жоспары -  2030" мемлекеттік бағдарламасын қабылдады. Осы жоспар бойынша алдағы 5 жылда аймақтарды табиғи газбен қамту деңгейін 65 пайызға жеткізу айқындалған.

Жалпы, елді газдандыру мәселесінде кереғар факторлар бар. Оның негізгісі ретінде географиялық жағдайды айтуға болады. Табиғи газдың мол қоры мен өндірісі елдің батысында орналасқан. Ал сұйық отынды тасымалдау стратегиялық инфрақұрылымды қажет етеді. Яғни, Маңғыстау облысында өндірілген газды еліміздің орталығына, шығысына немесе солтүстігіне тасымалдау үшін мыңдаған шақырымға созылатын құбыр жүйесін тарту қажет. Өкінішке қарай, газдың отаны саналатын осы Маңғыстау облысының өзіндегі қамту 90 пайызға енді жетіп отыр. 

Дерекке сүйенсек, батыс өңірдегі Қарашығанақ, Қашаған, Теңіз және Жаңажол кеніштерінде еліміз тұтынатын сұйық отынның 90 пайыздан астамы өндіріледі. Алайда, өндірілген газдың көлемі сұраныстағы ішкі нарықты толық қамтуға жеткіліксіз екен. Мысалы, былтыр 55 млрд текше метр газ өндірілген болса, оның көп мөлшері жер қабатындағы қысымды сақтап тұру үшін "қайталама айдау" тәсілі бойынша кері құйылған-мыс. Осыдан барып ішкі нарыққа жөнелтілетін газ мөлшері қысқаруға ұшырайтын көрінеді. Демек, газ өңдеу саласында қолданылатын технология үдерісі үздіксіз жаңғыртуды қажет етеді. Бұл да газдандыру ісіндегі бір түйткіл.

Жоспарға келейік, аталған бағдарлама бойынша биыл мемлекет газбен қамту жұмысына 65,9 млрд теңге инвестиция салуды көздеген. Жобаға сәйкес басымдық "Сарыарқа" газ құбыры желісін дамытуға берілуде. Бұл желі еліміздің орталығындағы қалаларды газбен қамтиды. Әрине, бірінші кезекте Астананы табиғи газ құбырына қосып, тұрғындар мен жылу орталықтарын экологиялық таза отынмен қамту міндеті тұр.

Салыстырмалы түрде айтсақ, газбен қамтуда батыс өңірден бөлек оңтүстікте де алға жылжу бар. Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласы бойынша істелген жұмыс көзге түседі. Игерілген қаржы да қисапсыз. Осы қатарға Алматы облысын да қосуға болады.

Алматы облысында газдандыру жұмыстары қарқынды жалғасуда. Бүгінде өңірдің 1,2 миллионнан астам тұрғыны көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Соңғы жылдары ондаған елді мекендер орталықтандырылған газ желісіне қосылу мүмкіндігіне ие болды.

2024 жылы 17 нысанның құрылысы аяқталды, оның ішінде Жамбыл ауданын тұрақты түрде газбен қамтамасыз ететін «Қазыбек бек» автоматтандырылған газ тарату станциясы бар. Облыс аумағындағы газ желілерінің жалпы ұзындығы 4,8 мың шақырымнан асты, ал тұтыну көлемі жыл сайын артып келеді.

Биыл газдандыру жобаларына шамамен 11 миллиард теңге қарастырылған. Бұл қаражат Конаев қаласының бес шағын ауданын және 13 елді мекенді газбен қамтуға бағытталды. Қазіргі таңда Алатау қаласындағы «Даулет» шағын ауданында, Жамбыл ауданының Танбалытас ауылында, Балқаш ауданының Ақжар ауылында және Бақанас жаңа шағын ауданында құрылыс жұмыстары басталды.

«Талғар ауданының Еламан және Кіші Байсерке ауылдарының тұрғындары газға қосылды. Қабылдау актілері рәсімделіп, іске қосу-баптау жұмыстары жүргізілді. Отбасылар көптен күткен жылуға қол жеткізді. Бұл — өңір халқының барлығына көгілдір отынды қолжетімді ету жолындағы маңызды қадам», — дейді Алматы облысының энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Айдын Бегімбеков.

Қалмаханбет Мұқаметқали.

KZNEWS
Автордың басқа материалдары