Алматы облысының тұрғыны күйеуінен зорлық көргенін айтып, балаларымен бірге кризистік орталыққа қашып кеткен. Бұл туралы "Астана" телеарнасы хабарлады.
Аймақта жыл басынан бері әйелдерге қатысты 130-дан астам зорлық-зомбылық дерегі тіркелген. Сот шешімімен 280-ден астам шектеу шарасы енгізілген. Полиция өкілдері мұндай оқиғалардың саны артып келе жатқанын айтады.
Зардап шеккен әйелдің сөзінше, ол жұбайымен 12 жыл бірге өмір сүріп, төрт бала тәрбиелеп отыр. Алайда соңғы төрт жылда күйеуінің мінезі өзгеріп, алкоголь ішкен сайын агрессивті болып, оған қол көтере бастаған.
"Қазір осы орталықта бір айға жуық уақыттан бері тұрып жатырмыз. Күйеуім ұйықтап жатқан кезде балаларымды алып қашып шықтым. Ішімдік ішкенде мүлде бақылаудан шығып, ұратын. Денем көгеріп жүрді, тіпті көзілдірік киіп жасыратынмын. Жұмыс істеуге де рұқсат бермеді, орынсыз қызғанатын", – дейді ол.
Әйел ұзақ уақыт бойы отбасын сақтау үшін төзгенін, алайда жағдай ушыққан соң осындай қадамға барғанын айтты.
Кризистік орталық мамандары мұндай әйелдерге тек психологиялық емес, құқықтық көмек те көрсетеді. Олар ажырасу рәсімдерін рәсімдеуге және алимент өндіруге көмектеседі.
Орталық директоры Раушан Алпысбаеванің айтуынша, мекеме 2023 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде мұнда мыңға жуық адам жүгінген, олардың көпшілігі кейін отбасына қайта оралған.
Ал Алматы облыстық полиция департаментінің өкілі Рахим Толокулов тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің көбеюін қоғамда мұндай мәселелерді ашық айту мен хабарлау деңгейінің артқанымен байланыстырады.
Қазіргі таңда мамандар мен құқық қорғау органдары осындай жағдайлардың алдын алу және зардап шеккендерге қолдау көрсету бағытында бірлесіп жұмыс істеп жатыр.