Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бір отбасының төрт мүшесін өлтіру ісі бойынша атышулы сот процесі жалғасып жатыр. Айыпталушылар орындығында қаза тапқандардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев отыр, деп хабарлайды NewTimes.kz ақпарат агенттігі.
Басылымның хабарлауынша, Сәрсемәлиев ісі бойынша жаңа айыптау актісінде жәбірленуші тараптың қорғаушысы қарым-қатынастың бұрынғы тарихын қосуды талап еткен. Ақбаянның адвокаты Шынар Нұрмұратқызы оқиғалардың басталуына отбасындағы жанжал себеп болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл жағдайға Сәрсемәлиевтің көзіне шөп салуы түрткі болған. Осыдан кейін 2022 жылы Ақбаян ажырасуға өтініш беріп, кейін неке ресми түрде бұзылған.
Сот отырысы барысында судья Сәрсемәлиев пен Мұқанғалиева арасындағы некені бұзу туралы 2022 жылғы сот шешімін оқып берді. Сотта айтылған мәліметтерге сәйкес, Ақбаян өзіне опасыздық жасаған адамға енді сезімі қалмағанын және онымен бірге өмір сүруді жалғастырғысы келмейтінін көрсеткен.
Сәрсемәлиев соттың некені бұзу туралы шешімімен келіскен. Өтініш қаралғаннан кейін ерлі-зайыптылар ресми түрде ажырасқан.
Сонымен бірге сот материалдарында тараптар арасында бірге жинаған мүлікті бөлуге қатысты дау болмағаны көрсетілген.
Жаңа айыптау актісінде бір эпизодтың құқықтық бағасы да өзгерген. Бұған дейін іс материалдарында алаяқтық туралы айтылса, енді ол ұрлық бабына қайта сараланған.
Жәбірленуші тарап болған оқиғаға дейінгі мән-жайлар істі қарау үшін маңызды деп санайды және олар сот материалдарында көрсетілуі керек деген ұстанымда.
Сондай-ақ жаңа айыптау актісінен бұрын көрсетілген жеңілдететін мән-жайлар алынып тасталды.