KZNews.kz
Қоғам

“Көрпемен тұншықтырып, үстіне отырған”: Семейде ерекше баланы аяусыз қорлаған балабақша былығы ашылды

Ayzhan Sylanova
Фото: видеодан скриншот

Семейдегі жеке балабақшалардың бірінде ерекше қажеттілігі бар бес жастағы баланы тәрбиеші қорлады деген шағым түсіп, дау шықты, деп хабарлайды kznews.kz.

Балаға жасалған дөрекі әрекеттер бейнебақылау камерасына жазылған. Жәбірленушінің анасы Арай Аралханованың айтуынша, тәрбиеші ұлын тұншықтырғандай әрекет жасаған.

«Видеоны көрген соң бірден полицияға жүгіндім. Қылмыстық іс қозғалды, бірақ тергеу баяу жүріп жатыр. Бұл адам балалармен жұмыс істеуге тиіс емес», – дейді ол.

Бала сөйлеу дамуында ерекшелік бар болғандықтан, жағдайды түсіндіріп айта алмаған. Ал жазбадан тәрбиешінің оны тартып, қозғап, тіпті көрпені басына дейін жауып, үстіне отыруға тырысқаны анық көрінеді. Тәрбиеші мұны «жай тыныштандыру» деп түсіндіргенімен, өзге ата-аналар да видеоны көріп, оны жұмыстан шеттетуді талап еткен.

Полиция «Кәмелетке толмағанды тәрбиелеу міндетін орындамау» бабымен тергеу жүргізіп жатыр. Балабақша басшылығы мұндай жағдай алғаш рет тіркелгенін айтады. Тәрбиеші қазіргі таңда декреттік демалыста және қызметтен шеттетілген.

Ayzhan Sylanova
Автордың басқа материалдары