Мұздағы билерден екі дүркін әлем чемпионы, ресейлік спортшы Максим Ставиский 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарында алтын медаль иеленген қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың еркін бағдарламасына баға берді, деп хабарлайды Kznews.kz.
Ол Metaratings.ru-ға берген пікірінде жарыс қарсаңында көпшілік Шайдоровтың чемпион болатынына онша сенбегенін атап өтті. Спортшының айтуынша, сырғанау техникасы мінсіз емес болғанымен, дәл шешуші сәтте секіру элементтерін жоғары деңгейде орындауы алтынға жол ашқан.
«Сырғанау техникасы жағынан ол сәл әлсіздеу. Бірақ Михаилден басқа ешкім секіру элементтерін алтынға жетерлік деңгейде орындай алмады. Өте өкінішті, себебі Адам, Малинин мен Кагияманың өнері ерекше ұнайды. Алайда Олимпиадада күйзеліс пен моральдық қысым қатты әсер етеді», — деді Максим Ставиский.