KZNews.kz
Экономика

"Конверттегі жалақы": Міндетті төлемдерді бақылау еңбек нарығын реттей ме?

Мемлекет қандай жағдайда болмасын адамдардың алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті мойнына алады. Билік пен қоғам арасындағы тепе-теңдіктің алтын жүлгесіне айналған бұл үрдіс кезең сайын жетіліп, әлеуметке ыңғайлы талаппен оңтайлана береді. Дамудың алғышарты да осы болса керек. Елімізде бұл бағытта істелген жұмыстар жеткілікті. Іс ілгері басу үшін реттеу тетіктері жасалып, өзгеріске түсуі заңды. Соның бір мысалына тоқталсақ.

Келер жылдан бастап міндетті әлеуметтік сақтандыру саласына түбегейлі өзгерістер енгізілмек. Бұл өзгеріс әлеуметтік жауапкершілік ұғымына жаңа көзқарас қалыптастырып, адамдардың лайықты тұрмысына да оң ықпал етуге тиіс.

Атап айтқанда, жаңа жылдан бастап міндетті зейнетақы жарналарының уақтылы төленуіне мемлекеттік қадағалау жүргізілетін болды. Енді бұл талапты қамтамасыз ету үшін мемлекеттік кірістер органдары жұмыс берушілерге қатысты тексеру жасау құқығына ие болды. Жаңа бақылау механизмі іске қосылғаннан кейін зейнетақы қорына аударылуға тиіс жарналар бойынша берешек көлемі 6 айлық есептік көрсеткіштен асса, шара қолданылады. Яғни, еңбек адамының табысынан ұсталатын төлемдердің түспегені анықталса, бақылаушы орган 5 күннен асырмай жұмыс берушіге ресми хабарлама жібереді. Ал жиналған қарыз тағы 10 жұмыс күні ішінде өтелмесе, жұмыс берушінің банк шоттары мен кассалық операцияларына шектеу қойылады екен.

Әлбетте, мемлекеттің бұл қадамы еңбек қоғамына қатысты бірнеше мәселені бірден шешуге ықпал етуі мүмкін. Жалпы, бұл үрдіс еңбек адамының мүддесін көздейтін әлеуметтік реформалардың заңды жалғасы. Еске салсақ, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары енгізілген. Бұл жарналарды жұмыс беруші өз қаражаты есебінен төлеуге тиіс. Және оның мөлшері кезең-кезеңмен өсіп, міндетті жарналардың көлемі артады. Мысалы, 2024 жылы төленетін жарна көлемі 1,5 пайыз болса, биыл ол 2,5 пайызға көтерілген. Ал жаңа жылдан бастап 3,5 пайызға өсіп, сәйкесінше, 2027 жылы 4,5 пайыз және 2028 жылы 5 пайызды құрайды.

Бірінші кезекте бұдан мемлекет пен жұмысшы ұтуы тиіс. Зейнетақы қорына түсетін қаражат көбейіп, ол қаржы қосымша инвестиция көзіне айналады. Бұл мемлекет үшін кепілді қаржы қоры болатыны сөзсіз. Өткенде ғана Зейнетақы қорындағы қаражатты жұмсаудың ережелеріне өзгеріс енгізілгенін жазғанбыз. Ал еңбек адамы үшін міндетті жарналардың көптеп түсуі қамсыздандыру бағытындағы кепілдікті арттырады. Яғни, жеке жалақыдан ұсталатын 10 пайызға жұмыс беруші төлейтін 5 пайыз қосылғанда жинақ сомасы артады.

Екіншіден, жұмыс берушіні бақылауға алу еңбек нарығындағы көлеңкелі төлемдердің жолын кеседі деген үміт бар. Мысалы, жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы келісім шартсыз еңбек нарығын және "конверттегі жалақы" ұғымын тоқтатуы мүмкін. Бұдан бөлек, еңбек нарығындағы жалақы қарызына қатысты мәселені де реттеуге жол ашылуы кәдік. Өйткені, түрлі себептермен пайда болған қарыз қомақты екен. Еңбек инспекциясының мәліметінше, биыл елдегі кейбір ұжымдардағы жалақы бойынша жалпы берешек 4,5 млрд теңгені құрапты.

Алайда, сарапшылар бұл өзгерісті бірден қолдап  отырған жоқ. Қоғамдық пікір де екіұдай. Өйткені, адамдардың дені шағын және орта бизнестен нәпақа тауып отырған қоғамда жұмыс берушінің жүктемесі артқаны оң қабылданбайтыны анық. Дәл осы үрдіс жаңа Салық кодексі мен баға саясатына қатысты да байқалған. Даулы ұсыныстар көбейіп, атқарушы жүйе өз ұстанымын тізеге сала бастаған тұста іске Мемлекет басшысы араласып, Үкіметке кейбір тетіктерді қайта қарауды тапсырған болатын. 

Ал міндетті жарналардың түсуін бақылауға алу осы ШОБ айналасындағы жұмыс берушінің жағдайын қиындатады деген пікір бар. Әсіресе, маусымдық жұмыспен жан бағатын жеке кәсіпкерлер жұмысшының тиісті салығы мен міндетті төлемін мерзімінен кешіктіріп төлейтіні белгілі, сол себептен бұл өзгерістен кейін олардың есеп-шоттары бұғатталып жатса, жалақы төлеуге қатысты коллапс болуы ықтимал екен. Екіншіден, қазірдің өзінде еңбек күшін заңсыз жалдауға бейім бизнес мұндай қадағалаудан кейін тіптен көлеңкеге кетуі де ғажап емес. Яғни, "конверттегі жалақы" жағдайы көбейеді. 

Дегенмен, қоғамда мемлекеттік міндетті жарналар төлеміне қатысты ұстанымының жемісін уақыт өте келе көреміз деушілер қатары да көп. Әуелі, заң мен тәртіп ұстанымы аясындағы ағартушылық жұмыс нәтиже бере бастайды. Яғни, мемлекет пен еңбек қоғамын құрметтейтін адал жұмыс берушілер шоғыры қалыптасып, әлеуметтік әділет орнайды деген сенім бар.

Қалмаханбет Мұқаметқали
Автордың басқа материалдары