Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті, деп хабарлайды kznews.kz.
Жиын барысында Президент жұмыс тобы мүшелерімен бірге конституциялық реформаның басты бағыттарын талқылады. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президентке жұмыс тобының атқарған жұмысы туралы есеп беріп, Парламентті жаңғыртуға бағытталған ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің ауқымы кең екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастамалар елдің саяси жүйесін заман талабына сай жетілдіруге мүмкіндік береді.
Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев азаматтардан келіп түскен ұсыныстар негізінде әзірленген негізгі тәсілдерге тоқталды. Ол былтырғы қазан айынан бері өткен отырыстарда жаңа Парламенттің құрылымы, депутаттар саны, өкілеттік мерзімі, сайлау жүйесі, сондай-ақ бір палаталы Парламенттің заң шығару тетіктері мен өзге билік институттарымен өзара іс-қимылы жан-жақты қаралғанын айтты.
Парламентаризм институтының директоры Наталья Пан e-Otinish және eGov платформалары арқылы азаматтардан, сарапшылар мен қоғамдық ұйымдардан түскен ұсыныстар туралы мәлімет берді. Бірнеше ай ішінде саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, бизнес өкілдері мен құқықтанушы ғалымдар конституциялық реформаға қатысты өз ұсыныстарын жолдаған. Жалпы, жұмыс тобына мемлекеттік құрылымды жетілдіруге байланысты шамамен 1,6 мың ұсыныс түскен.
Парламент Мәжілісіндегі «Amanat» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев және Жалпыұлттық социал-демократиялық партия фракциясының басшысы Асхат Рахымжанов өңірлерде өткен кездесулер барысында азаматтардың алдағы саяси реформаларға жоғары қызығушылық танытып отырғанын жеткізді.
Сондай-ақ отырыста Сенат пен Мәжіліс депутаттары, сарапшылар мен саясаттанушылар өз пікірлерін білдірді.
Жиынды қорытындылаған Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық реформаны талқылау басталғалы бері жарты жылға жуық уақыт өткенін атап өтті. Осы кезеңде қоғамда Парламентті трансформациялаудың мақсат-міндеттеріне қатысты түсінік қалыптасқанын айтты. Президент қыркүйектегі Жолдаудан кейін өрбіген қоғамдық пікірталастарды, сараптамалық қорытындылар мен азаматтардан түскен ұсыныстарды мұқият зерделеп отырғанын жеткізді.
Мемлекет басшысы саяси жүйені одан әрі реформалау үшін институционалдық негізді терең жаңғыртып, заң шығарушы билікті жүйелі түрде қайта форматтау қажеттігін атап өтті.
— Ертең Ұлттық құрылтай отырысында бұл мәселе бойынша өз ұстанымымды білдіремін. Қазіргі таңда елімізде сапалық тұрғыдан жаңа саяси модель қалыптасып келеді. Парламенттік реформаны жүзеге асыру үшін Конституцияның бірнеше бөлігін қайта қарау қажет. Осыған дейін енгізілген түзетулерді ескерсек, ұсынылып отырған өзгерістер Қазақстанның шын мәнінде жаңа Конституциясы туралы айтуға негіз береді, — деді Президент.