KZNews.kz
Жаңалықтар

Көңіл айту мәдениеті: азалы үйде нені айту керек, нені айтпаған жөн?

Дархан Тоқан
Фото: Ашық дереккөзі

Қазақ қоғамында көңіл айту – қара жамылған жанға демеу болып, қайғысын бөлісетін үлкен тәрбиенің бір көрінісі. Алайда «салттан аттамаймыз» деп жүріп, кейде сөздің ыңғайын таппай, жаралы көңілдің үстіне тұз сеуіп алатын сәттер де кездеседі. Осындай жағдайға тап болған жас буынға ой салар бір оқиға бар.

Сыныптасым Олжастың ағасы қайтқанда бәріміз қалада оқуда едік. Содан көңіл айтуға үлгермей қалып, кейін ауылға келгенде ағасының қырық күндік асына баруды жоспарладық. Сол кезде көрші тұратын сыныптасым Әсел де төркіндеп келіпті. Мән-жайды айтып, бірге баруға шақырғанымда, ол бесіктегі баласын әжесіне табыстап, бізбен шығуға ыңғайланды.

Бірақ дәл сол сәтте әжесі ашуға булығып: «жап-жас болып көңіл айтқаны несі? Өлімге жастар көп барып жүргендіктен жастардың өлімі көбейіп кетті. Азалы үйге үлкендер барады. Үйдің үлкендері барып, көңіл айтып, құран оқып қайтты ғой. Жараның аузын тырнап, есіне сала бергендерің жақсы ма?», - деп ұрсып тастады.

Әсел болса, әжесінің сөзін құптамаған күйі асыға жаныма келді. Мен де ыңғайсыздандым. «Шынымен, азалы үйге барудың жөні қалай еді? Біз қателесіп бара жатқан жоқпыз ба?» деген ой маза бермеді.

Әйтеуір, сыныптастарды әрең жинап, азалы үйге кірдік. Іште жұрт көп екен: қыздар өз бөлмесіне, ұлдар өз бөлмесіне бөлінді. Біздің кім екенімізді бірден таныған адам аз болды – көбіне туған-туыс, құда-жекжат сияқты.

Бір мезетте ауыз бөлмеде отырған Олжастың анасына барып, көрісіп, жанына отырдық. Ана жүрегі қарс айырылып, баласының айтқан сөздерін, істеген жақсылығын, армандарын еске алып, көз жасын тоқтата алмай отыр. Шетте отырған келіні де егіліп-егіліп қалжырағаны көрініп тұр. Сол сәтте дәл қандай сөз айту керегін білмей, үшеуміз де тұтығып қалдық: «қайғырмаңыз», «жыламаңыз» дегеннің өзі жұбату емес, керісінше ауыр тиіп кетпей ме деген күмән көңілді қысты.

Тыныштықты Әсел бұзды. Ол анаға: «Әпке, ағаның иманы саламат болсын. Артының қайырын берсін. Жас кетті. Амал нешік. Аллаға керек екен. Алла жанына жақсы пенделерін алады дейді ғой. Көп езіле бермеңіз. Мықты болыңыз. Жеңгейге де оңай емес. Қалған ғұмырын балаларына берсін» деп тоқтамай сөйлей жөнелді. Біз де «Иманды болсын», «Алланың шапағатына бөленсін» деп күбірлеп қойдық.

Анасы басын изеп, жасын сүртіп, «әумин, әумин» деді. Төрде отырған егде кісі Құран оқып, соңынан келгенімізге алғыс айтты.

Көп ұзамай Олжастың кіші жеңгесі төргі бөлмедегі дастарқанға шақырды. Үлкендер «дәм ауыз тиіңдер, сауап болады» деп қолқа салған соң, үшіміз тізіліп кірдік. Дастарқан басында да жасы үлкен апа-әжелер отыр екен. Бірі біздің жүріс-тұрысымызға көз салып отырғандай, бірден кім екенімізді, қайдан келгенімізді сұрап алды. Бұған да Әсел жауап берді.

Сол кезде төрде отырған әжей сөз бастап, жастардың азалы үйге бару әдебін ашып айтты. Ол: «Мұндай азалы жерге бірінші рет келіп тұрсыңдар-ау деймін. Жас болған соң білмейсіңдер. Бұл сендердің кемшіліктерің емес. Ол біздің, яғни, үлкендердің қателігі. Үйдің үлкендері балаларына жас деп қарамау керек. Қай жерге қалай баруды, кімге қалай сөйлеуді, барған жерге не айтуды үйрету керек. Азалы үйге барғанда қандай сөздерді айтып жұбату керектігін, қуанышқа барғанда қандай сөздермен тілек айту керектігін ұқтыруымыз керек. Жаңа сендер есіктен кірген бойда тіп-тіке басқа бөлмеге кірдіңдер. Негізінде азалы үйге барған соң әйелдер отырған бөлмеге кіріп, отырғандардың бәрін құшақтап, арқасынан қағып, қолын қысып көрісу керек. Сосын Құран бағышталады. Құраннан соң қайтқан кісі туралы жақсы сөздер айтып, жақындарын жұбату керек. Міне сонан соң барып, үлкендердің айтуымен дастарқан жайылған бөлмеге келесіңдер. Тағы үлкен кемшіліктерің - не айту керектігін білмейсіңдер!», - деп Әселге қарады.

Әжей осы тұста әсіресе бір сөздің ауыр тиетінін ескертіп, нақты мысал келтірді: «Қызым, жаңағы сөзіңді енді қайтып айтушы болма. Өлген адамның өмірі қалған жоқ. Ол өз өмірін таусылғанша сүріп кетті. Талқаны таусылған соң о дүниеге аттанды. «Қалған ғұмырын перзенттеріне берсін» деген сөз өте ауыр әрі қате. Оның орнына «Өлгеннің соңынан өлмек жоқ, өлгенге қайтып келмек жоқ», «Ат тұяғын тай басар», «Арты қайырлы болсын, қалғанына өмір берсін», «Алла сіздерге сабыр берсін», «Өмірден өткен жан иманды болсын, топырағы торқа, жатқан жері жайлы болсын», «Амал дәптері оң жағынан ашылсын, Алла алдынан жарылқасын» деген сөздермен жұбату айтыңдар. Тіпті, жұбату сөз өмірден қайтқан қарияларға, орта жастағыларға, нәрестелерге бөлек-бөлек айтылады. Сауаттарың бар ғой. Оқып алыңдар. Ертең бір әулеттің келіні боласыңдар. Білгендерің өздеріңе жақсы. Айту біздің парызымыз», - деді.

Әрине, мұндай ескертуді естігенде өзіміз де қысылып қалдық. Дәмнен ауыз тиіп, сыртқа шықтық. Жол бойы Әселдің әжесінің тыйымы мен азалы үйдегі әженің ақылы екіұдай ойға қалдырды: бірі «жастар бармасын» дейді, бірі «жастар үйренсін» дейді.

Дегенмен, бұл оқиға бір шындықты ұқтырғандай болды: азалы үйде ең бастысы – бару-бармау дауы емес, барған жерде жүрекке батпайтын, жұбатуға жарайтын сөз таба білу. Қай жерде қалай сөйлеу керегін үйрену – әркімнің өзіне де, өзгенің көңіліне де керек нәзік мәдениет. Қадірлі оқырман, қайғы үстіндегі жанға көңіл айтарда, бір ауыз сөздің салмағын ескеруді ұмытпаған жөн.

Дархан Тоқан
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →