Жаңалықтар

Көлікті көк тумен безендіру: 4 полиция қызметкері жұмыстарынан айрылып қалды

Қайсар Қанат Қайсар Қанат
Көлікті көк тумен безендіру: 4 полиция қызметкері жұмыстарынан айрылып қалды
ашық дереккөзден

Ішкі істер министрлігі Тәуелсіздік күніне орай безендірілген көліктерді заңсыз тоқтату деректеріне қатысты жүргізілген тексерудің қорытындысын жариялады, деп хабарлайды kznews.kz.

Тәуелсіздік күнін мерекелеу барысында әлеуметтік желі қолданушылары көліктерін мемлекеттік тумен безендірген жүргізушілерді жол-патрульдік полиция қызметкерлері тоқтатқанын жазды.

Осыдан кейін ІІМ ресми мәлімдеме жасап, көлікке мемлекеттік туды ілу заң бұзушылық болып саналмайтынын атап өтті. Алайда министрлік өкілдерінің айтуынша, кейбір азаматтар мерекелік шаралар кезінде жол қозғалысы ережелерін бұзып, басқа жүргізушілерге кедергі келтіріп, көшелерді жауып тастаған.

Сонымен қатар ІІМ көліктерді заңсыз тоқтату деректерін тексеріп жатқанын хабарлаған еді.

Министрліктің мәліметінше, ел бойынша полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзудың 82 дерегін анықтап, тиісті шаралар қабылдаған.

"Сонымен қатар тексеру нәтижесінде Алматы және Шымкент қалаларында полиция қызметкерлері тарапынан заңсыз, құқыққа қайшы әрекеттерге жол берілгені анықталды", – делінген ІІМ хабарламасында.

Нәтижесінде сегіз полиция қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылып (сөгіс, қатаң сөгіс), оның ішінде басшылық құрам өкілдері де бар. Тағы төрт қызметкер атқарып отырған лауазымынан босатылды.

Ішкі істер министрлігі азаматтарды мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауға және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz