Ақмола облысының полициясы Көкшетау қаласының тұрғынын Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша тергеп жатыр.
Бұл бап "әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік немесе діни араздықты қоздыру" қылмысына қатысты қолданылады.
- Көкшетаудағы шаштаразда қызметкерлер арасында музыкаға қатысты дау шыққан. Шебер Алмагүл Алиева қазақ музыкасын қосқанда, әріптесі: "Біз мұндайды тыңдамаймыз… мұны кім тыңдайды, бұл…" деген сипатта ауыр сөз айтқан, - деп хабарлайды HALYQSTAN телеграмм арнасы оқиға куәгерінің сөзіне сілтеме жасап.
Оқиғадан кейін Алмагүл Алиева полицияға арыз жазған. Енді Ақмола облысының полициясы іс бойынша "Айтылған сөз жеке адамның пікірі ме, әлде қазақ ұлтын немесе мәдениетін қорлау ма?" деген сұраққа жауап іздеуге тиіс.
Егер ауыр сөз айтқан адамның кінәсі дәлелденсе оған 174-баптың 1-бөлігі бойынша жаза тағайындалуы мүмкін. Мұндай жағдайда сот кінәліні айыппұл, қоғамдық жұмыс, бас бостандығын шектеу немесе 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кеседі.
Сондай-ақ, тергеу істі зерделеп, кезекті тұрмыстық жанжал деп таныса, онда қазақ музыкасын "...дермо" деп атаған адамға әкімшілік жаза қолданылады немесе іс медиациямен аяқталуы да мүмкін екен...