Қазақстанда жасанды интеллект пен жоғары технологиялар саласын дамыту бағытында маңызды кездесу өтті. Қазақ ұлттық спорт университетінің (KNUS) негізін қалаушы Нұрасыл Медеу мен
TengriAI жобасының өкілдері әлемдік технологиялық гигант — NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас атқарушы директоры Дженсен Хуангпен және оның командасымен кездесіп, еліміздегі ЖИ инфрақұрылымын дамытудың болашағын талқылады, деп хабарлайды kznews.kz.
Негізгі талқылау тақырыбы — Қазақстанның энергетикалық ресурстары мен қуатын жасанды интеллектке деген жаһандық сұранысты қамтамасыз ететін есептеу инфрақұрылымына айналдыру мүмкіндіктері болды.
«TengriAI арқылы Қазақстанның энергетикалық әлеуетін жасанды интеллектке деген жаһандық сұранысты қамтамасыз ететін есептеу қуатына айналдыруды көздейміз», — дейді жоба авторлары.
ЖИ дәуірінің қалыптасуына орасан зор үлес қосқан сарапшы Дженсен Хуангпен пікір алысу отандық мамандар үшін ерекше тәжірибе болды. Кездесу барысында саланы дамытудың маңызды факторлары ЖИ инфрақұрылымын құру, Инфрақұрылым мен технология, Сапалы білім мен мамандар тақырыбындағы мәселелер атап өтілді.