Бүгін фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сотта жәбірленуші Гүлнар Қалиевадан жауап алынды. Ол сол бір қайғылы күннің егжей-тегжейін айтып берді, деп хабарлайды kznews.kz.
Жәбірленушінің айтуынша, 2025 жылғы 8 қарашада ол әпкесімен бірге үйінің жанындағы дүкенге бет алған. Олар ғимаратқа жақындай бергенде, үйдің қаптамасы кенеттен құлаған. Әйел тек басын қолымен жауып үлгерген.
"Бір қолыммен басымды жаптым, не болғанын бірден түсінбедім. Кірпіштер кеудемді қысып қалды. Ешқандай дыбыс шығара алмадым. Дүкеннен екі жігіт шығып, мені үйінді астынан шығарып алды. Сол кезде әпкемнің киімінің бір бөлігін көрдім. Ол да кірпіш астында қалыпты. Оның жағдайы өте ауыр еді, дауысы әрең шықты", - деді Гүлнар Қалиева сотта.
Әйелдің сөзінше, біраз уақыттан кейін жедел жәрдем бригадасы - құрамында Ұлдана Мырзуан бар екі фельдшер қыз келген. Дәрігерлер бірден жәбірленушінің әпкесіне қарай ұмтылған. Сол сәтте қасбет қайтадан опырылып түскен.
"Екі фельдшер қыз әпкеме жақындады. Көп ұзамай, бірден кірпіштер қайта құлай бастады. Кірпіштер жаңбырша жауды. Әпкем қайтыс болған шығар деп ойладым. Сол кезде фельдшер қыздардың бірі басын жауып, еңкейіп отыра қалды. Мен сол қыздың: "Онда Ұлдана қалды, кондер" дегенін естідім. Сосын Ұлдананы зембілге салып, алып кетті. Мен екінші фельдшермен бірге жедел жәрдем көлігімен кеттім", - деп бөлісті әйел.
Жәбірленуші ми шайқалуы, басынан алған жарақаты және көптеген дене жарақаттымен ауруханаға жатқызылды.