Актер әрі әзілкеш Қайрат Әділгерей осыдан үш жыл бұрын айтқан пікірі үшін жауапқа тартылуы мүмкін, деп хабарлайды kznews.kz.
Даудың туындауына оның күйші Құрманғазы Сағырбайұлы жайлы айтқан сөзі себеп болған. Орал қаласындағы Құрманғазының ұрпақтары актердің әрекетіне құқықтық баға беріп, тарихи тұлғаның атына нұқсан келтірді деп есептейді. Осыдан кейін өнер иесі елден кешірім сұрады.
Ол өз үндеуінде:
«Құрметті қазақ елі! Соңғы екі күнде қатты қызу талқыға түсіп жатқан менің белгілі подкастта Құрманғазы жайлы айтқан пікірім қатты талқыланып жатыр. Тіпті Орал қаласынан ақсақалдар алқабилер жиналып, видеода айтылған сөзге қатты наразылық білдіріп тіпті сотқа бермек екен. Осы ретте мен өзімнің қателігімді мойындаймын. Бұл 3-4 жыл бұрын подкастта айтылған әңгіме болатын. Жалпы мен өзім жүрген жерімде аруақтардың басына құран бағыштап жүретін адаммын. Жалпы тарихи жерлерді аралғанды жақсы көремін. Сол жерде бір шырақшының әңгімесін естіп, соны жастардың тілімен әсерлеп жеткізіп айтқаным қателігім болып отыр. Подкастта барлығы басқа форматта, ал айтқан сөздерім дөрекі түрде көрінген. Мен Оралдық ақсақалдардың айтқан талабын орындауға дайынмын. Астрахан ауданы барып, бабамыздың басына барып Құран бағыштап қайтпақшымын. Сол кезде барлығын түсіндіріп беремін», - деді.
Қайрат Әділгерей даулы пікірінің орынсыз болғанын мойындап, мәселені бейбіт жолмен шешуге дайын екенін жеткізді.