Кемел Тоқаевтың Ұлы Отан соғысы кезіндегі батырлығы туралы дерек жарияланды

Ресейдің Қорғаныс министрлігі Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі Кемел Тоқаевтың Екінші дүниежүзілік соғыстағы ерлігі жайлы бұрынғы құпия құжаттарды жарыққа шығарды, деп хабарлайды kznews.kz сайты «Аргументы и факты» порталына сілтеме жасап.
Гвардия сержанты Кемел Тоқаев 1945 жылы қаңтарда Польша жеріндегі шайқастарда көрсеткен батырлығы үшін II дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған. Жаңа жарияланған наградалық парақта оның ерлік ісі егжей-тегжейлі сипатталған.
Құжатта көрсетілгендей, 1945 жылдың 21 қаңтарында Польшадағы Еглиевец елді мекенінің солтүстік-батысында неміс әскерлері түнгі уақытта кеңес әскерлеріне шабуыл жасаған. 7-ші жеке гвардиялық Ломжинск ауыр танк шабуыл полкінің автоматшылары жаудың шабуылын тоқтатып, кейін қарсы шабуылға көшкен. Осы кезде Кемел Тоқаев бірінші болып жау шебіне кіріп, бес немісті атып өлтіріп, біреуін тұтқынға алған. Шегіну кезінде снайпердің жарылғыш оғы оның аяғына тиіп, ауыр жарақат алады. Соған қарамастан, Тоқаев жарасын өзі таңып, бөлімшесіне аман-есен жеткен.
Бұған дейін 1943 жылы Кемел Тоқаевтың «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталғаны жайлы да мәліметтер жарияланған болатын. Ол кезде ол ауыр артиллериялық және пулемет отының астында танктерді қорғап, 20-ға жуық жау сарбазын жойғаны үшін марапатталған.
Айта кетейік, снайпер оғынан кейін Тоқаевты эвакуациялап, Оралда емдеген. Дәрігерлер оның аяғын кесуді ұсынғанмен, жас хирург — кейін әлемге әйгілі болған Гавриил Илизаров — оның аяғын сақтап қалған. Бұл оқиға кезінде Илизаров өзінің болашақ бірегей құрылғысының алғашқы нобайларын алғаш рет қолданған екен.
Соғыстан кейін Кемел Тоқаев жазушылықпен айналысып, қазақ детектив жанрының негізін қалаушылардың біріне айналды.
фото: Ресей Федерациясы Қорғаныс Министрлігі