KZNEWS.KZ
Экономика

Келісімдерден өнім шығаруға дейін: Қазақстанда инвестициялық жобалар қалай іске қосылады?

• Айжан Сыланова

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумы аясында бейнебайланыс арқылы Жамбыл облысында Fufeng Group компаниясының кәсіпорнын іске қосу рәсіміне қатысты. Мемлекет басшысы сонымен қатар жүгеріні терең өңдеу бойынша өнеркәсіп паркін құру жобасының келесі кезеңіне бастау берді, деп хабарлайды kznews.kz.

Орталық Азияда аминқышқылдарын өндіретін алғашқы зауыт Жамбыл облысының Шу ауданында, «JIBEK JOLY» арнайы экономикалық аймағының маңында орналасқан. «SHENGTAI BIOTECH CO., LTD» ЖШС жүзеге асырған жобаның алғашқы кезеңіне $350 млн инвестиция салынды.

Кәсіпорын жылына 500 мың тоннаға дейін жүгері өңдеуге қауқарлы. Мұнда изолейцин, лейцин, валин, треонин және глутамин секілді аминқышқылдары өндіріледі. Аталған өнімдер тамақ және фармацевтика өнеркәсібінде, биотехнология саласында, сондай-ақ арнайы тағамдар мен жемшөп қоспаларын өндіруде қолданылады.

Жоба аясында өндірілген өнімнің 80 пайызын экспортқа шығару, қалған 20 пайызын ішкі нарықта өткізу жоспарланып отыр.

Кәсіпорынды одан әрі дамыту үшін индустриялық парк құрып, жүгеріні өңдеу көлемін жылына 3 млн тоннаға дейін жеткізу көзделген. Жобаның жалпы инвестициялық көлемі шамамен $1,5 млрд болады. Оның іске асуы нәтижесінде 1,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

Жаңа өндіріс отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін де тұрақты өткізу нарығын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Кәсіпорынның алғашқы кезеңінде жыл сайын шамамен 500 мың тонна жүгері сатып алу жоспарланған. Бұл өңірдегі жүгері алқаптарының көлемін ұлғайтуға және жергілікті шаруалардың өнім өткізу мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етеді.

Жобаның жүзеге асуы Қазақстанда астықты терең өңдеудің толық өндірістік циклін қалыптастыруға, қосылған құны жоғары өнім өндіру көлемін арттыруға және агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, жобаны іске асыру жөніндегі негізгі келісімдер 2024 жылы өткен Қазақстанның жаһандық инвестициялар дөңгелек үстелі (KGIR-2024) барысында, сондай-ақ Премьер-министр Олжас Бектеновтің Шанхай қаласында Fufeng Group компаниясының басшылығымен өткізген кездесулері кезінде жасалған.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →