KZNews.kz
Қоғам

Келесі жылы баспана бағасы тағы қымбаттауы мүмкін – сарапшы

Азамат Қойшығара
Егемен Қазақстан газеті

Қазақстандағы тұрғын үй нарығына инфляция, базалық мөлшерлеменің өсуі және жаңа Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер ықпал етуі мүмкін. Қаржы сарапшысы Жеңіс Шәріпұлының айтуынша, алдағы жылы қосылған құн салығының (ҚҚС) енгізілуі жаңа үйлердің бағасын 5–7 пайызға дейін қымбаттатуы ықтимал.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бір жылда жаңа тұрғын үйлер бағасы 11,3%-ға, қайталама нарықтағы пәтерлер бағасы 8,8%-ға өскен. Үйді жалға алу ақысы да 8,5%-ға артқан. Аймақтар ішінде Павлодар (25,8%), Алматы мен Қызылорда (15,3%), Шымкент (14,8%) қалаларында баға айтарлықтай жоғарылаған.

«Соңғы бес жылда инфляцияның жоғары болуына байланысты базалық мөлшерлеме 9%-дан 16,5%-ға дейін көтерілді. Ипотекалық ставкалар орта есеппен 18–20%-ды құрайды. Қазір ипотекалық займдардың шамамен 70 пайызы “Отбасы банкі” арқылы беріледі, себебі олардың ставкалары төмен. Бірақ көптеген азамат үшін бастапқы жарнаның 50 пайызын жинау қиындық туғызады», – деді қаржы сарапшысы.

Оның айтуынша, қолжетімді ипотекалық бағдарламалар азайған. «7-20-25» және «Баспана хит» жабылды, ал «Отау» бағдарламасы жылына 15 мың займмен шектелді. Халық саны жылына 250 мыңға өсетінін ескерсек, бұл жеткіліксіз.

Сарапшының болжамынша, биыл және келесі жылы ипотекалық пайыздар төмендемейді. Базалық мөлшерлеменің аздап төмендеуі нарыққа айтарлықтай әсер етпейді. Есесіне, ҚҚС-тың енгізілуі бағаның көтерілуіне тікелей ықпал етпек.

«Жаңа үйлердің қымбаттауы екінші нарықтағы пәтерлер бағасына да әсер етеді. Біз жасаған талдау бойынша, ҚҚС енгізілгеннен кейін үй бағасы 5–7%-ға дейін өседі», – деді Жеңіс Шәріпұлы.

Ресми мәліметке сәйкес, тамыз айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 41 380 мәміле жасалған. Оның ішінде 32 853-і пәтер, 8 527-сі жеке үйлерге тиесілі.

Азамат Қойшығара
Автордың басқа материалдары