Әрине, адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Болған жағдайлардың мән-жайы жан-жақты әрі әділ анықталуы тиіс. Осы ретте университет құқық қорғау органдарымен бірлесе жұмыс істеп, өз құзыреті шеңберінде қажетті шараларды қабылдап жатыр.
Дегенмен ҚазҰУ-дың еліміздегі ғылым мен білімнің қара шаңырағы екенін, оның қабырғасынан талай көрнекті ғалымдар, білікті мамандар мен қоғам қайраткерлері түлеп ұшқанын да ұмытпаған жөн.
Бүгінде университет ғылыми әлеуетін нығайтып, зерттеу бағыттарын кеңейтіп келеді. 2022 жылы зерттеу университеті мәртебесін алған ҚазҰУ-да 9 ғылыми-зерттеу институты, 38 ғылыми орталық және 164 зертхана жұмыс істейді.
2022–2025 жылдары ғылыми зерттеулерді қаржыландыру көлемі 5,24 млрд теңгеден 16,27 млрд теңгеге дейін өсіп, 3,1 есеге артты. Осы кезеңде Scopus халықаралық дерекқорында индекстелген ғылыми еңбектер саны 91%-ға көбейді. Ал диссертациялық кеңестер саны 2021 жылғы 16-дан 2026 жылы 23-ке жетті.
Университет халықаралық ғылыми және технологиялық ынтымақтастықты да кеңейтіп келеді. Атап айтқанда, ҚазҰУ Ericsson, Samsung, BASF, NVIDIA, LG, ZTE және Huawei сияқты жетекші халықаралық компаниялармен серіктестік орнатып, ғылым мен индустрияның ықпалдастығын дамытуда. Мұндай ынтымақтастық жаңа технологияларды енгізуге, ғылыми зерттеулерді қолдауға және еңбек нарығының сұранысына сай заманауи мамандар даярлауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар университет инфрақұрылымын жаңғыртуға да ерекше көңіл бөлінуде. Оқу аудиторияларын заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету, кампусты абаттандыру, спорт нысандарын дамыту және студенттер үшін қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.
Бұл бастамалар ҚазҰУ-дың ұзақмерзімді стратегиялық мақсаттарымен сабақтас. Университет халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті ғылыми-білім беру орталығына айналуды, ғылым мен технологияның озық жетістіктерін енгізуді, талантты жастарға сапалы білім беруді және Қазақстанның интеллектуалдық әрі инновациялық әлеуетін нығайтуды көздейді.
Жас ғалымдарды қолдау бағытында да нақты нәтижелер бар. 2024–2026 жылдары 23 жас ғалым баспаналы болып, 17 зерттеуші «Жас ғалым» бағдарламасы аясында 2026–2028 жылдарға арналған ғылыми гранттарды жеңіп алды.
ҚазҰУ — бірнеше буын ғалымдар мен ұстаздардың еңбегімен қалыптасқан іргелі білім ордасы. Қайғылы оқиғаларға қатысты шындық анықталып, тиісті жауапкершілік белгіленуі қажет. Сонымен қатар университеттің көпжылдық еңбегі мен ғылыми жетістіктері де әділ бағалануға лайық.
ҚазҰУ-дың тарихы терең, ғылыми әлеуеті зор. Университет алдағы уақытта да еліміздің ғылымы мен білімінің дамуына өз үлесін қоса бермек.