KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

Қазақтың тұңғыщ антропологы Оразақ Смағұлұлы дүниеден өтті

• Айжан Сыланова
Фото: egemen.kz

Қазақстандағы антропология ғылымының негізін қалаушы, қазақтан шыққан тұңғыш антрополог Оразақ Смағұлұлы 96 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды kznews.kz.

Оразақ Смағұлұлы 1930 жылы 1 қазанда Қостанай облысы Меңдіқара ауданының Ұялысай ауылында дүниеге келген. Ол 1950 жылы Меңдіқара педагогика училищесін, 1955 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін тәмамдаған.

Ғалымның ғылым жолына түсуіне академик Қаныш Сәтбаевтың қолдауы ықпал еткен. 1958 жылы Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясының Этнология және антропология институтының аспирантурасына қабылданған.

1965 жылы «Қазақтың кескін-келбетінің қалыптасуы көне және қазіргі бас сүйектері бойынша» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғап, 1984 жылы ғылым докторы атанды.

1989 жылы Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты жанынан еліміздегі алғашқы этностық антропология зертханасын ашып, осы саладағы зерттеулердің дамуына жол салды. Ғалым институтта ұзақ жыл еңбек етіп, жүздеген ғылыми еңбегін жариялады.

Оразақ Смағұлұлы зерттеулерінде төрт мың жыл бұрын Қазақстан аумағын мекендеген тайпалардың сүйек қалдықтарын қазіргі қазақтардың антропологиялық ерекшеліктерімен салыстырып, халықтың тарихи қалыптасу сабақтастығын ғылыми тұрғыдан зерделеген.

Ғалым өмірінің соңына дейін әзірленіп жатқан жеті томдық «Қазақстан тарихы» академиялық басылымының жұмысына қатысып, авторлардың бірі әрі бас редакциялық алқа мүшесі ретінде қазақ халқының антропологиялық қалыптасуы мен этногенезіне арналған бөлімдерді жазуға үлес қосты.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →