Ішкі істер министрлігі Tengrinews.kz редакциясының сауалына берген жауабында оның Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты қозғалған қылмыстық іс аясында ұсталғанын хабарлаған.
"ІІМ-нің әскери-тергеу бөлімшесі Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеу аясында қызметіне салғырт қарады деген күдікпен Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы, 1-дәрежелі капитанды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады", – деп хабарлады ІІМ.
Сот санкциясымен оған қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
Қанат Ниязбеков 3 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы қызметінен босатылған болатын.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында өткен әскери оқу-жаттығу кезінде 17 әскери қызметші Каспий теңізіне түсіп кеткен. Үшеуі аман қалып, 14 әскери қызметші қаза тапқан. Осы оқиғадан кейін тергеу басталып, жауапты тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп жатыр.