KZNEWS.KZ
Қоғам

Қазақстандық шенеунік қайын әпкесіне кезексіз үй алып беремін деп сотталып кетті

• Айгерім Асылова
фото: ашық дереккөз

Ақтөбеде Жандос Әлімов өзінің әйелінің әпкесіне мемлекеттен заңсыз үй алуына көмектескен. Ал әйел тұрғын үй кезегінде тұрмаған және заңсыз үйді алғаннан кейін оны қайта сатылымға шығарып, сатып жіберген, деп хабарлайды kznews.kz

Әлімов туысының тұрғын үй кезегінде тұрмағанын білгенімен, оның өтінішін тұрғын үй комиссиясының қарауына жолдаған. Кейін комиссия мүшелерін әйелдің пәтер алуға құқығы бар екеніне сендіріп, отырыс хаттамасын алдын ала оң шешім қабылданғандай етіп әзірлеген. Осыдан кейін туысына уақытша берілген тұрғын үй басқа, жайлы пәтерге ауыстырылып, оны тегін жекешелендіру туралы өтініші қанағаттандырылған. Заңсыз жолмен алынған баспана кейін 5 миллион теңгеге сатылған.

Бір қызығы, тұрғын үй қатынастары бөлімі жекешелендірілген пәтерлердің тізімін прокуратураға бергенімен, онда Әлімовтің туысының аты-жөні көрсетілмеген. Әлімов мұндай тапсырма бермегенін айтқан. Ал бөлім қызметкері сотта тізімнен бір адамның аты-жөнін неліктен алып тастағанын есіне түсіре алмаған.

Жандос Әлімов өз кінәсін мойындамай, тұрғын үй беру туралы шешім комиссия мүшелерімен бірлесіп қабылданғанын алға тартқан. Оның айтуынша, комиссия құрамында Ақтөбе қаласының әкімі, орынбасарлары, әкімдік бөлімдерінің басшылары, мәслихат пен қоғамдық кеңес өкілдері болған.

Алайда сот оның уәждерімен келіспеді. Екінші қылмыстық іс бойынша Әлімов 4,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ол өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылып, мемлекетке 9 миллион теңге көлемінде залал өтейтін болды.

Әлімовтың бірінші соты

Биыл сәуірде тұрғын үй қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы Жандос Әлімов қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол тұрғын үй кезегінде тұрмаған адамдарға заңсыз пәтер алуға көмектескен. Кейін олар баспананы жекешелендіріп, сатып жіберген. Әлімовтің көмегімен заңсыз тұрғын үй алғандардың арасында тұрғын үй қатынастары бөлімінің қызметкерлері мен оның жерлестері де болған.

Еске сала кетейік, Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында 3 азамат қызметкерлерге жалақы төлеу сылтауымен 82 миллион теңгеден астам қаражат жымқырған. Шалқар аудандық сотының үкімімен үш адам кінәлі деп танылды. Бас бухгалтер 8 жылға, қалған екі бухгалтер 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар олардың барлығына 10 жыл мерзімге бухгалтерлік қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Айгерім Асылова
Айгерім Асылова – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.
Автордың басқа материалдары →